Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің арасындағы жекпе-жек кешіне билеттердің құны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Еске салсақ, 29 қазанда Алматы қаласындағы «Алматы Арена» мұз сарайында үлкен бокс кеші өтеді. Онда қандасымыз Қанат Ислам 22-ші жекпе-жегін өткізіп, ІВО (Intercontinental) және  WBО (International) тұжырымдары бойынша чемпион дәрежесі үшін күш сынасады.

 

Zakazbiletov.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, билеттер сатылымға 17 қазан күні түседі. Бағасы 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейін болады.

 

Қанат Ислам орта жеңіл салмақ бойынша Кариб аймағының үздігі, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы. Ол осы уақытқа дейін  21 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан. Спортшының лақап аты - «Қазақ».

 

Қарсыласы  ганалық боксшы Патрик Аллотей. Ол кәсіпқой бокста осы уақытқа дейін 36 кездесу өткізіп, екеуінде ғана ұтылған, қалған жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Сондай-ақ 24 кездесуінде қарсыластарын нокаутпен ұтқан.

 

«Қарсыласым осал емес. Ол да «жеңсем» деген ниетпен келе жатыр. Бірақ, мен кәсіби рингте алғаш рет өз елімізде жергілікті жанкүйерлер алдында шаршы алаңға шыққалы отырмын. Мен оларды ұятқа қалдырмаймын деп ойлаймын. Алматыда күндіз-түні жаттығып жатырмын. Қазір жұмыс жоспарым бәрі ойдағыдай», - деген болатын Қанат Ислам ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

 

Айта кетейік, аталмыш кеште өзінің кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін әлем чемпионы, Риодағы Олимпиада ойындарының қатысушысы Жәнібек Әлімханұлы да өткізеді. Сондай-ақ ел намысын Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Али Ахметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы қорғайтын болатын. 

 

Фото: inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер