Футболдан Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің бірінші ойынында Польшамен тең ойнады, - деп  хабарлайды tengrinews.kz, Vesti.kz  сілтеме  жасай отырып. 

 

 "Астана Арена" стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Ойын барысында қазақстандық футболшылар екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан еді. 
Бірінші тайм поляктардың басымдығымен өтті. Есеп тоғызыншы минутта-ақ ашылды. Жартылай қорғаушы Бартош Капустка көзге түсті. 

 

Ал 18-ші минутта командалар арасында текетірес болды, оның барысында Роберт Левандовски мен Сергей Малый ескерту алды. 
31-ші минутта Аркадиуш Милик қақпа бағанасына дәл тигізді. Ал 35-ші минутта поляктар екінші голды соқты. Қорғаушы Елдос Ахметов айып алаңында Левандовскиді құлатты. Поляк ойыншысы 11 метрлік айып добын сәтті орындады - 0:2. Сөйтіп, бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

 

Ал екінші таймда Қазақстан құрамасының футболшылары есеп айырмасын қысқартып, кейін тіпті де тең есепке жеткізді. 51-ші минутта Сергей Хижниченко бірінші голын соқса, 58-ші минутта дубль тіркеді.

 

Қалған уақытта екі команда да қауіпті сәттер ұйымдастыра білді, қазақстандықтар да, поляктар да допқа сенімді иелік ете бастады. Мәселен Якуб Блащиковски 84-ші минутта штангаға тигізді.

 

Осылайша, Қазақстан мен Польша 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бір-бірден ұпай алды. Сонымен қатар, қазақстандықтар бірінші рет поляктармен тең ойнады - осыған дейін бұл командадан құрамамыз үш рет жеңілген болатын.

 

Фото: Vesti.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер