Қазақстан - Тәуелсіз ел ретінде бұдан 20 жыл бұрын тұңғыш рет 1996-шы жылы Атланта Олимпиадасына қатысқан болатын. Сол жылы Қазақстан құрамасы ұзын-саны 11 медаль олжалап, ел абыройын асқақтатқан еді. Содан  бері арада 20 жыл өтсе де, боз кілемнің шаңын шығарған даңқты Мәулен Мамыров бүгінде әрбір қарсыласымен болған кездесуді жатқа біледі. Жастығына қарамай ел үмітін ақтаған отандасымыз еркін күрестен 52 келіде Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері атанған болатын.

 

Мәулен МАМЫРОВ, ЕРКІН КҮРЕСТЕН XXVI ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ (АТЛАНТА, 1996 ЖЫЛ):

 

Олимпиада басталардан он күн бұрын барып, бабыма келіп, жақсы өнер көрсеттім. Қолдан келгенше, кішкене сәтсіздік болды. Алтын алатындай мүмкіндік болып еді. Бірақ кішкене төрешілердің дұрыс төрешілік жасамағандықтан, үшінші орынға медальға ие болдым.

 

Төрт ұпайлық әдіс. Дәл осы сәттен бастап тәуелсіз қазақ елінде тұңғыш Олимпида чемпионы пайда болды. 20 жыл бұрын төртжылдықтың басты бәсекесінде Юрий Мельниченко грек-рим күресінен төрткіл дүниені мойындатты. Ақтық бәсекеде отандасымыз Олимпиада қожайыны америкалық Дэнис Холды тізерлетті.

 

Юрий МЕЛЬНИЧЕНКО, ГРЕК РИМ КҮРЕСІНЕН XXVI ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ (АТЛАНТА, 1996 ЖЫЛ):

 

Олимпиада ойындары кезінде мен өзімнің нағыз спорттық бабымда болдым. Маған қарсылас атанғандардың осалы болған жоқ. Үш әлем және екі Еуропа чемпионымен белдестім. Алғашқы айналымда ресейлік қарсыласымды айқын ұтып, жігерлене түстім. Және өзім көздеген мақсаттың үдесінен шыға білдім.

 

Атлантада атой салған майталмандарды Қазақстанда көпшілік батырға лайық құрмет көрсетіп, барлық сән-салтанатымен қарсы алды. Сол жылдары мемлекеттің спорттық тізгінін ұстаған Анатолий Құлназаров атлеттерді дайындайтын қарапайым орталықтардың өзі саусақпен санарлық болғандығын жасырмайды. Дегенмен отандық спортшыларға әрқашан үлкен үміт артылған.  

 

Анатолий ҚҰЛНАЗАРОВ, ҚР ЖАСТАР ІСІ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ЖӨНІНДЕГІ МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ (1993-1997):

 

Біз енді ойладық, 7-8 медаль алатын шығармыз деп. Бірақ кенеттен алып кеткен жағдайлар болды. Екі күміс медаль алған - Сергей Беляев. Бұрын ондай болған жоқ.

 

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш жазғы Олимпиада ойындарына жалпы саны еліміздің атынан 96 споршы аттанған. 3 алтын, 4 күміс және 4 қола еншілеген отандастарымыз жалпы командалық есепте 24-ші орынға табан тіреді. 

 

Сурет: almaty2017.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер