«Ұлы Дала еліне саяхат» экспедициясы аяқталды

«Ұлы Дала еліне саяхат» экспедициясы аяқталды

17 мың шақырымдық сапар аяқталды. Қазақстан аймақтарын аралаған ең ауқымды «Ұлы Дала еліне саяхат» экспедициясы мәресіне жетіп отыр. Саяхатшылар, журналистер, блогерлер, туризм саласының өкілдері 3 айда елдің 11 облысында болып, ондаған табиғи орындар, саябақтар мен қорықтарға барып қайтты. Экспедиция 18 шілдеде басталып, 29 қыркүйекке дейін жалғасты.Сапар 6 туристік кластерді қамтыған болатын. Оның басты мақсаты – жаңа туристік бағыттарды ашып, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту. «Ұлы дала еліне саяхат» қатысушылары бұл жерлерді талай тамашаласа да,  сапар кезінде туристік жерлерімізге жаңаша көзбен қарадық, - дейді.

ҚАНАТ САҒЫНАЕВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ҚАТЫСУШЫСЫ

-  Мені Сауран қалашығы таң қалдырды. Ол жерде бұған дейін де болғанмын. Бірақ сапар барысында «National Geographic Traveler»  фотографы аэро түсірілім жасады. Оны тамашалаған кезде қаланың ауқымы таң қалдырды. Квадрокоптер жоғары көтерілгенде қалашықтың бұрынғы аумағын көруге болады. Оның 5-6 есеге үлкен болғандығын көрінуге болады. Ол көзбен қарағанда бірден байқалмайды. 

Экспедиция қатысушылары мен «Kazakh Tourism» өкілдері еркін форматта бас қосып, сапардан алған әсерлерімен бөлісті. Экспедицияның фото, бейне жазбалары алдағы уақытта елдегі туристік нысандарды жарнамалауға қолданылатын болады. Сондай-ақ сапар «Kazakh TV» арнасынан эфирге шығатын елдің әсем жерлеріне арналған бағдарламалар топтамасымен қорытындыланбақ.