Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі аяқталды

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі аяқталды. Қатысушылар қорытынды декларацияны қабылдады. Құжатта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі саяси және діни көшбасшылардың рөлі айқындалған. Съезд делегаттары жаһандық қауымдастықты диалог орнатып, белсенді байланыс жасауға шақырып отыр. Тек  күш біріктірудің арқасында ғана заманның сын-қатерлеріне төтеп беріп, діни дау-дамайлардың алдын алуға болады дейді олар.

САМИР СОМАЙЯ, ИНДОЛОГИЯ МЕН ДІНАРАЛЫҚ ҮНҚАТЫСУ ЖӨНІНДЕГІ ИНСТИТУТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ   /ҮНДІСТАН/:

-  Бұл өте маңызды құжат. Бұл бірлескен декларацияда біздің ортақ көзқарасымыз көрініс тапты. Біздің алдағы жоспарларымыз айқындалды. Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісі. Мемлекет ядролық қарудан бас тартып отыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды қадам болды. Мұнымен қоса, сіздердің елдеріңіз барша мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста екенін білемін.

Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі басқосуда талқыланған басты мәселе болды. Онда барлық жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуға үндеу жасалады. Құжатта жаһандық ауқымда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау стратегиясы бар, - дейді жиынға қатысушылар. Мұнымен қоса олар жаһандану, терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, әлемнің діни картасын дамыту тенденциясын сөз етті.

ФЕЙСАЛ БЕН АБДУРАХМАН БЕН МУАММАР, АБДАЛЛа БЕН АБДЕЛЬ-АЗИЗ КОРОЛЬ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДІНИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ДИАЛОГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ  БАС ХАТШЫСЫ:

-  Съезд барша әлем үшін өте маңызды. Өйткені ол  түрлі дін мен мәдениет өкілдерінің басын қосады. Бірлесе дінаралық келісім орнатудың тәжірибесі мен жолдарын талқылаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан – өте ерекше ел. Өйткені дін мәселесіне келгенде, мемлекет басшылығы тарапынан мықты қолдау сезіледі. Бұл аса маңызды жайт.

АЙДАР ӘБУОВ, МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДІНДЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Мемлекет басшысы заманауи байланыс, коммуникация, онлайн-конференция технологияларына негізделген жобаларды дамытуды тапсырған болатын. Мұның бәрі енгізілуі тиіс. Қазіргі таңда бұл комуникациялардың көмегімен түрлі жобаларды жүзеге асыруға болады. Мемлекет басшысы «Назарбаев орталығы» жаңа дінаралық диалог орталығын құру жайлы айтты. Бұл орталық діни жобаларды жүзеге асыратын болады.

Алтыншы съезд 46 елдің 80-нен астам өкілінің басын қосқан болатын. Оған беделді саясаткерлер, ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, зороастризм діни лидерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.  Мақсат – осы саладағы мәселелерді талқылап, ортақ шешімге келу. Сондай-ақ форумда  әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің 15 жылдығына арнайы марка шығарылып, Бейбітшілік пен келісім музейі ашылды.