Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезді

Әлем елдеріндегі қақтығыстар мен қырғи-қабақтықтың салдарын саралап, бейбітшіліктің бағасын ұқтыру, екі елді келісімге келтіріп, татулыққа шақыру ісінде рухани көшбасшылардың бейбітшілік елшісі міндетін атқаруы маңызды. Мұндай пікірмен әлемдік және дәстүрлі діндер съездінде «Дін бейбітшілік үшін» Бүкіләлемдік конференциясының бас хатшысы Уильям Вендли де бөлісті. Ол әрбір мемлекет пен аймақта дінаралық келісім мен диалог үшін қолайлы, тұрақты инфрақұрылым қалыптастыру қажет деді. Бұл мәселе тарапынан қарағанда, Қазақстан көпке үлгі көрсетіп отыр, деді бас хатшы.

УИЛЬЯМ ВЕНДЛИ, «ДІН БЕЙБІТШІЛІК ҮШІН» БҮКІЛӘЛЕМДІК КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

– Мұнда, Астанада бүгінде түрлі конфессиялар өкілдері жиналып, бас қосатын, бір-бірінің пікіріне құлақ асатын, жаһандық қауіп-қатерге қарсы ортақ әрекет ету жолдарын іздейтін үлкен инфрақұрылым құрылуда. Ол әлемдік тың істерге серпін береді. 

Қазақстандық Халықаралық дін және мәдениет орталығы мен Бейбітшілік және Толеранттылық Жаһандық Кеңесінің серіктестік жөніндегі меморандумға қол қоюы конфессияаралық диалогты нығайта түскен және бір қадам болды. Аталмыш кеңес өткен жылы халықаралық ұйыммен Мальтада құрылған болатын. Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер, сараптамалық жұмыстар жүргізіп, бейбітшілікке жету жолында толеранттылық принциптерін нығайту жөніндегі тәжірибелерімен бөлісетін болады.

АЙДАР ӘБУОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДІН ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

– Съезд делегаттары, біздің қонақтарымыз қазақстандық Халықаралық дін және мәдениет орталығымен байланыс орнатуға мүдделі. Ол бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер съездінің диалог алаңына айналды.

АХМЕД МУХАММЕД АЛЬ-ДЖАРВАН, ПРЕЗИДЕНТ ГЛОБАЛЬНОГО СОВЕТА ТОЛЕРАНТНОСТИ И МИРА:

Бұл меморандум бізге толеранттылық пен бейбітшілік принциптерін нығайту жолында жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан өзін бейбітшілік пен толерантты мәдениетімен мойындатқан ел, біздің бүгін бұған анық көзіміз жетті.