Қазақстан-Қытай: Саяси әріптестік туралы кітап жарыққа шығады

Қазақстан мен Қытайдың тарихи байланысы мен саяси іскерлік әріптестігі жайлы құнды мұрағаттар топтастырылған кітап жарыққа шығады. Оны Ганьсу провинциясындағы қоғамдық ғылымдар академиясының мамандары мен Қазақстандағы Тұңғыш Президент кітапханасының сарапшылары бірлесіп әзірлеуде. Кітапты жазу барысында қолданылатын әдебиеттерді алдын ала зерттеп-зерделеген шығармашылық ұжым әрбір мағлұматтың нақтылығын, аударманың сапасын басты назарға алған.

ЧЭНЬ ФУЖУН, ГАНЬСУ ПРОВИНЦИЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫ ПАРТИЯЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ  /ҚХР/:

 - Кітап «Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасының тарихы» деп аталады. Ол екі елдің тарихы және достық байланысы жайында болады. Қаңтар айында қытай тіліндегі нақты нұсқасы аяқталды. Кітап 180 мың сөзден тұрады. Қазіргі таңда басып шығару ісі жүзеге асырылуда. Қыркүйек айының соңында оқырманға таныстырылады деп жоспарлап отырмыз.

Кітап 4 тілде жарық көреді. Оны қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдерінде оқуға болады. Қытайша нұсқасының алғашқы редакциясы мамыр айында дайын болыпты.  Басылым оқырманға 1000-нан астам данамен жол тартады. Қытай тарапы кітапты Дуньхуань қаласында өтетін Жібек жолының III халықаралық мәдени көрмесінде таныстыруды көздеп отыр.

МА ТИНСЮЙ, ГАНЬСУ ПРОВИНЦИЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /ҚХР/:

 - «Бір жол, бір белдеу» бастамасында Шэньси Жібек жолының бастауы ретінде қарастырылады. Ал Ганьсуді Жібек жолының алтын бөлігі, Қазақстанды жүрегі деп қарастырамыз. Осы бастама аясында Ганьсу провинциясының бас шаһары – Ланьчжоу қаласы Орталық, Оңтүстік  және Батыс Азия үшін негізгі индустриялық база, сауда-логистикалық орталық бола алады.

Бұдан 2 жыл бұрын академия Жібек жолындағы елдермен әріптестік байланысты нығайтуды қолға алған болатын. Енді Орталық Азия елдерімен бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта тиісті келісімдерге қол қойылуда.