Жергілікті туризмнің дамуы

Таңғажайып көрікті жерлер Қазақстанда жетерлік. Батысында Еділдің төменгі ағысынан шығысында Алтай тауларына дейін  3 мың  шақырымға созылған кең байтақ даланы аз уақытта аралау оңай емес. Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі кейбір жерлерді тамашалап үлгермеуде. Сондықтан болар биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 2 млн қазақстандық ел ішінде саяхат жасауға ұйғарыпты. Яғни, өсім шамамен 7%,-дейді «Kazakh Tourism» компаниясының өкілдері. Суының түсінің өзі көздің жауын алатын Үлкен Алматы көлі, әлемге аты танылған Шарын шатқалы, Көлсай, Есік көлі, Алакөл, Айғайқұм сынды саяхатшыларды баурайтын жерлер қаншама.

САУАЛНАМА:

- Алматыдағы БАО-ға келдік. Өзіміздің Шымкентте Ақмешіт, Сайрам, Леңгір деген тамаша жерлер бар. Көкшетаудағы өзіміздің Бурабайды lf айта кетсек. Балаларымызға әдемі жерлерімізді көрсетуге тырысамыз.

- Негізі біздің Қазақстан – өте әдемі жер, табиғатқа бай. Әр жылы Қазақстанның керемет жерлерін аралап тұрамыз.

- Осы БАО деген жерге біз бірінші рет келіп тұрмыз. Алматыға жылына 1-2 рет келіп-кетеміз. Жол түспей жүр еді. Қолжетімді бағамен келуге болады. 

Мына үңгір ел аузында. Шымкенттен 70-80 шақырымда орналасқан Ақмешітті тамашалауға келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Биіктігі 25 метр болатын үңгір әктасты жыныстар қабатында пайда болған.  Мұнда бір сыр бар деседі жұрт. Бастысы, ол  жағымсыз энергетикадан арылтады дегені бар. Ол да рас болар, мұнда денсаулығы мен жан-дүниесі үшін пайдалы туризмді таңдайтын туристер келеді. Енді бірі тарихи нысандарды көруге асық. Олар Отырар, Сауран көне қалашықтарына ат басын бұрады. Кезінде тарихшылар жеті қабат мұнаралы дуалмен қоршалған қала деп жазған шаһар осы – Сауран қалашығы. Ортағасырдың лебін сезіну үшін мұнда тұрғындар көптеп келетін көрінеді. Біреулері өздері келсе, енді бірі туристік компаниялардың көмегіне жүгінеді.

 ҚАНАРБАЙ ҚАРҚЫН, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

-  Соңғы жылдары еліміз ішкі туризмді дамытуды қолға алып, әсіресе, ЭКСПО өткеннен кейін бізге алыс, жақын шет елден келетін туристердің саны жылдан жылға көбейіп, еліміздің саяхат орындары танымал болып жатыр. Еліміздің қай өңірінен келмесін жол жүру жағынан болсын, мейманханаларда қону бойынша да, тамақтану жағы да бізде тиімді.

Еліміздің әсем, көркем жерлерін әлемге таныту үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған. Мәселен, трансұлттық турлар жайы да кеңінен талқылануда. Түркітілдес мемлекеттермен бірлескен турпакет дайындау ісі қолға алынды. Ол  15 күндік сапарды Түркиядан бастап Әзербайжан арқылы Қазақстанға өтіп, Қырғызстанда аяқтауды көздейді. Сондай-ақ Орталық Азия елдерімен де бұл істе бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарылуда. Оның аясында «Kazakh Tourism» компаниясының ұйымдастыруымен қазақстандық журналистер мен блогерлер де трансұлттық турға қатысып, Өзбекстан мен Қазақстанның көрікті жерлерін аралады. Ақпараттық турды ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен.