Ұлттық ұлан жаңа ұшақпен толықты

Ұлттық ұланның авиациялық эскадрильясы жаңа әуе көлігімен толықты. Қолданыс аясы кең көпсалалы Y8F200W  ұшағы әскерилерді, қару-жарақ пен техниканы тасымалдауға арналған. Сыйымдылығы 20 тонна жүк пен 83 адамға есептелген. Немесе толық қаруланған 120 жауынгерді діттеген нүктеге жеткізе алады. Сондай-ақ әскери іздеу шаралары мен барлау жұмыстары үшін аса қолайлы. Өйткені ол арнайы қону алаңын талғамайды. Кез келген топырақты, қарлы жерлерге қонып, ұша алады. Бұған қоса ауа райының температурасы -50 және +50 градус болғанда да қызметін атқара алады. Бұл – Қазақстанның әуе күштері Қытай Халықтық Республикасынан сатып алған алғашқы әскери ұшақ. Орталық Азия аймағында баламасы жоқ бірегей әуе нысанының құны 37 миллион доларға бағаланған.

МҰХТАР АЛТЫНБАЕВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, АРМИЯ ГЕНЕРАЛЫ:

 - Эксплуатациясы күрделі емес. Сондықтан бұл біздің ұшқыштарға таныс ұшақ. Бүгінде бағасы қымбат басқа шетел самолеттерін алғанша осыдан бастаған дұрыс деп ойлаймын. Ішкі істер Ұлан әскери құрылымының Қазақстанның кең байтақ жерінің кез келген жеріне жету мүмкіндігі бар.

ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

-  Таңдау осы ұшаққа түсті. Бұл үлгінің тәжірибесі бай, нақты сынақтардан өтті. Жаңартылған түрінің авионикасы дамытылған және заманауи технологиялармен жабдықталған. Басты мақсатымызға сай жеке құрам, қару-жарақ пен техниканы тасымалдауға аса қолайлы. Бір ұшқанда Қазақстанның кез келген нүктесіне жетуге болады. Біздің талаптарымызға толықтай жауап береді.

Еске салайық, Ұлттық ұланның авиациялық эскадрильясы жақында Алматыдан Астанаға қоныс аударған болатын. Бұл қадам ел қорғандары мен қарулы күш жабдықтарын Қазақстанның кез келген нүктесіне жылдам жеткізу мақсатында қолға алынған.