Қазақстанда табиғи таза өнім өндіру

Қазақстан экологиялық өнім өндіруші ретінде танымал. Бүгінде еліміздің 300 мың гектарға жуық жерінде 70-ке жуық отандық компания таза органикалық тауар өндіреді. Қазақстандық компаниялар көбіне екпе бұршақ, зығыр, сұлы, күнбағыс әрі дәрілік өсімдікті өсірумен айналысады және органикалық өнімнің барлығы дерлік шетелге, көбіне Еуропа елдеріне тасымалданады. Ал отандық компания өндіретін органикалық өнімді жыл сайын еуропалық сертификациядан Украина тарапы өткізіп отырады. Осы ретте Киевте «Қазақстан мен Украина: Organic Foods» конференциясы ұйымдастырылды. Халықаралық жиынға Қазақстанның Алматы, Ақмола әрі Солтүстік Қазақстан өңірлерінен келген органикалық өнім өндіруші компаниялардың өкілдері қатысты.

АРСЕН КЕРІМБЕКОВ, «КОМПЕТАНЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

 - Украина сертификатын ЕО елдері растаған. Бізге украин тілі мен ділі, сондай-ақ мамандары жақын. Егістік алқаптарында ауылшаруашылығын өндірушілер бір-бірін жақсы түсінеді. Сол себепті украина Еуропаға экспорттауға көптеп сертификаттар бөліп отыр.

Украинада органикалық өнімді өндіру ісін реттеу және қадағалауды қарастыратын арнайы заң бар. Осыған ұқсас заң Қазақстанда да қабылданған. Украина табиғи таза өнімді стандарттау және сертификациялау ісін де жолға қойған, органикалық өнімді және өндірісті ғылыммен ұштастыру, техникалық жабдықтау ісі де бұл елде көш ілгері. Сондықтан қазақ компаниялары Украинамен осы саладағы байланысты арттыруға ниетті. Түпкі мақсат – Украина арқылы Германия, Швейцария сияқты Еуропа нарығын бағындырып, «Қазақ Organic Food» өнімін әлем елдеріне кеңінен таныстыру.