Қазақстанның туристік әлеуеті Еуропада таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Еуропада таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Еуропада таныстырылды. Парижде «TOP RESA-2018» атты халықаралық туристер көрмесі ашылды. Әлем елдері ұсынған стэндтердің арасында қазақстандық павильон да ерекше көзге түсті. Еліміздің туризм саласындағы ұсыныстары 230 елден келген мамандар мен тамашалаушы жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Олар еліміздің бай мәдениеті мен тарихы һәм әсем табиғаты туралы мәлімет алып, ұлттық тағамдарымыздан дәм  татты. Қазақ биін тамашалап, домбыраның күмбірлеген үніне құлақ түрді. Білекті жігіттермен арқан тартыс жарысына да түсіп, бақ сынады.       

МЕЙРАМГҮЛ БАЛҒОЖИНА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Француздар біздің елге үлкен қызығушылық танытады. Олар Қазақстанға қалай жетуге болады, виза ашу қажет пе деген сұрақтарды көп қояды. Біз оларға Қазақстан аумағында 30 күнге дейін визасыз саяхаттауға болатындығын айттық. Сондай-ақ екі ел арасында тікелей әуе қатынасының бар екендігін де ескерттік. Біздің ойымызша, мұндай ауқымды шаралар еліміздің туристік тартымдылығын арттыруға оң әсер етеді.   

ДЕЛЬФИНА АТТИАС, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

- Қазақстандық стенд өте керемет безендірілген! Елдеріңіздің әдемі табиғаты, сондай-ақ мәдениеті мен бай тарихын паш етіп отыр. Мен жақында Қазақстанға барып қайттым. Алматыдан Ақтауға дейін саяхаттадым. Шарын шатқалы мен Түркістанда болдым. Ұлттық саябақта атқа міндім, Маңғыстау шөліндегі әйгілі жерасты Бекет-Ата мешітіне де бардым. Елдеріңіздің аумағы тұтас Еуропамен шамалас, сондықтан бәрін көру үшін әрине уақыт керек. Жақын арада Қазақстанның солтүстігіне сапарлау туралы жоспарым бар.  

Аталған жобаның ұйымдастырылуына еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің индустрия және туризм комитеті ұйытқы болды. Оған Қазақстанның Франциядағы елшілігі де қолдау көрсетті. Маңызды шара Париждегі ЭКСПО орталығында осымен 40-рет өткізіліп отыр. Биыл көрмеге 2 мыңнан астам туристік компания өкілдері қатысты.

ЖАН ҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФРАНЦИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ЛАУАЗЫМДЫ ЕЛШІСІ:

-  Биыл – Қазақстан мен Франция арасында стратегиялық серіктестік орнағанына 10 жыл. Осыған байланысты түрлі мәдени және спорт шараларын қамтитын «Франциядағы Қазақстан күзі» жобасын ұйымдастырдық.   Осы жоба аясында туризмді дамытуға арналған осы көрмеге де қатысып отырмыз. Бұл Франция және бүкіл Еуропа жұртшылығының елімізге қызуғышылығын арттыратынына үміттіміз.

ФРЕДЕРИК ЛОРЭН, «ТОР RESА-2018» КӨРМЕСІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің көрменің мерейтойлық 40 жылдығында осындай өте әдемі туристік бағытты ашуға асығып отырмын!

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар шетелдік туристердің Қазақстанға қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда елімізде эко- және этнотуризммен қатар, іскерлік және гастрономиялық туризм секілді бағыттар да қарқынды дамуда. Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, бұл саланы дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптасып, қызмет көрсету деңгейі де артып келеді.