«Ұлы Дала еліне саяхат» экспедициясы аяқталды

Қазақстанның бай табиғаты «Ұлы дала еліне саяхат» экспедициясына қатысушыларды тәнті етті. Жоба 11 өңірдің  6 туристік кластерін қамтыған болатын. 2,5 ай ішінде қатысушылар мыңдаған шақырым жолды артта қалдырды. Ауқымды жобаның соңғы бағыты – «Жаңа жібек жолы» экспедициясы деп аталды. Оның аясында журналистер, туристік агенттік өкілдері, шетелдік және қазақстандық блогерлер мен «National Geographic Ресей» командасы Жамбыл, Алматы және Түркістан өңірлеріне ат басын бұрды. Олар тарихи-мәдени мұра нысандарымен танысты. Тараз қаласы, Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгей мемлекеттік ұлттық паркін ғана араламай, Арыстан-баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Сауран және Отырар қалаларына да барып қайтты.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ,  ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

-  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстанның бүкіл киелі жерлерін дүние жүзіне көрсетеміз. Экспедиция – өте қызықты дүние. Экспедиция тоқтап қалмай, жалғаса берсін! Өйткені Қазақстанның әдемі жерлері өте көп. Оның бәрін біз таныстыруымыз керек. Ол – сіз бен біздің алға қойған мақсатымыз. Сол мақсатқа жетуіміз керек.

Экспедиция нәтижесінде «Kazakh TV» арнасында елдің әсем жерлеріне арналған бағдарламалар топтамасы жарық көрмек.