Петропавлда гимнастар костюмін тігетін шеберхана ашылды

Петропавлда гимнастарға арналған костюмдер тігетін эксклюзивті шеберхана ашылды. Жергілікті кәсіпкер Динара Өмірзақова спортшылардың киіміне ұлттық ою-өрнек салып тігуде. Ол осы арқылы барлық әлем танып-білетін қазақстандық бренд құруды армандайды.    

ДИНАРА ӨМІРЗАҚОВА, КӘСІПКЕР:

 - Мен әр гимнасттың ел атын абыроймен алып жүргенін қалаймын. Спортшыларымыз қайда жүрсе де, «Қазақстанда жасалған» деген бренд киімімен мақтанса екен деп тілеймін. Ол да маңызды. Осылайша біз спортшыларға қолдау білдіреміз.

Мұндағы авторлық киімдердің барлығы қолдан тігіліп, өрнектеледі. Осындай бір спорттық киімге 2 жарым мыңдай әйнек жапсырылады. Киімнің бұл түріне деген сұраныс та жоғары екен. Осы уақытқа дейін шеберханада 50 шақты костюм тігіліп, сатылымға шығарылған. 

ИСЛАНА ҚАЗБЕК, ГИМНАСТ:

 - Маған бұл костюм өте ұнайды. Себебі ондағы әйнектер күннің көзіне шағылысқанда, жарқырап тұрады.

Бір ғана Петропавлда көркем гимнастикамен төрт жүздей қыз шұғылданады. Бұған дейін олардың ата-аналары спорт киімін шетелден тапсырыспен сатып алып жүрген. «Өнер мен киген киімі бір – біріне лайық болуы керек», - дейді жаттықтырушылар.

АННА ТЮМЕНОВА, КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
-  Жарыста гимнастың шаш үлгісі, киім үлгісіне көп көңіл бөлінеді. Қыз баласы әрдайым әдемілікке құмар ғой... Сондықтан сырт келбеті оның бойына сенімділік ұялатады.

Петропавлдық тігіншілердің қолынан шыққан спорттық киімдерге деген сұраныс өте жоғары. Енді іскер келіншек кәсібін кеңейтіп, шет елдерден тапсырыс қабылдауды көздеп отыр.