Қазақстандық дәрігерлер дертті емдеудің тың тәсілін тапты

Қазақстандық дәрігерлер дертті емдеудің тың тәсілін тапты. Медицинада профилактикалық және қалыпқа келтіру бағытындағы жаңа әдіс «витология» деп аталады. Нерв жүйесіндегі дертке дауа болатын емнің бұл әдісін жоғары санатты дәрігер Мұрат Сыздықов пен алматылық әріптесі Дмитрий Пархачев 20 жыл зерттеген. Ақыры үздік тәсілдердің оңтайлы тұстарын біріктіріп, емдеу әдісінің жаңа түрін қалыптастырды. Яғни мұнда остеопатия, қолмен немесе инемен емдеудің әдістері қолданылады. Алайда оның негізі қазақтың халық емдерінен алынған.

МҰРАТ СЫЗДЫҚОВ, РЕФЛЕКСТІ ТЕРАПИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ САНАТТЫ ДӘРІГЕРІ:

- Өзіміздің сынықшылық, бақсылық сынды халықтық емдеу тәсілдерін негізге алдық. Әйелдерді тұрғызып босандыру әдісін сынадық. Нәтижесінде, нәресте мойнының зақымдануы 70 пайызға дейін азайды. Одан кейін сәбиді «бесікке бөлеу» дәстүрін де зерттедік. Баланы мықтап бөлеген кезде гормондық өсім тұрақталып, нерв жүйесі реттеледі. 3-4 жасқа қарай баланы атқа отырғызу. Осы кезде жамбас сүйектері мықтап орнығып, бүлдіршіннің бұлшық еттері қатаяды. Сондықтан барлықтарына ата-бабамыздың байырғы дәстүрін қайта жаңғыртып, тәжірибелерін тиімді пайдалану туралы кеңес беремін.

Емдеудің тың тәсілін жергілікті жұрттан бөлек алыс-жақын шетелдіктер де мойындаған. Витолог мамандарға Ресей, Италия, Германия, Швеция, Израиль, тіпті Австрияның өзінен науқастар көптеп келеді. Емдеудің бұл әдісіне бет бұрған мамандардың бірі – Ерболат Тналин. Оның айтуынша, витология адамның физикалық саулығымен қоса, оның психологиясының  жақсаруына да ықпал етеді.  

ЕРБОЛАТ ТНАЛИН, ВИТАЛОГИЯМЕН ЕМДЕУШІ ДӘРІГЕРІ:

- Келушілердің арасында еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін бар. Емнің ерекшелігі, кез келген аурудың алдын алады. Бір жеріңіз сыздаса, ертерек келіп, емін жасап, еркін өмір сүруіңізге болады. Науқастардың бәріне күнделікті өмірде қолдануға болатын әдістерді үйретеміз.

Айта кетейік, отандық дәрігерлердің ғылыми әзірлемесі ресми түрде тіркеліп, оларға авторлық құқық берілді.