Түркістанның туристік әлеуеті

Сәулеті ерең, тарихы терең Түркістанның туристік әлеуеті күн санап артып келеді. Әсіресе, өңірге алыс-жақын шет елден келушілердің қарасы қалың. Биылғы жылдың 8 айында облысқа табаны тиген 900 мыңға жуық туристің 32 мыңы – шетелдік саяхатшылар. Шетелдіктерді көбіне 7 ғасырлық тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік ерекшелігі сүйсіндіреді. Туристер киелі мекенге сапарларынан ерекше шабыт, ұмытылмас әсер алғандарын айтады. 

НАДИЯ БЕРДТ, ТУРИСТ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

 - Қазақстанның бай мәдениеті мен терең тарихы жайында жаңалықтардан естідім. Содан кейін мені осындағы халықтың өмір сүру салты қатты қызықтырды. Қазір ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болдым. Қазақ халқының көшпелі өмірі мен өткен тарихының тұтас бір кезеңін көргендей әсер алдым. 

Биыл Түркістан облысына 2 млн-ға жуық турист келеді деп күтілуде. Сонымен қатар сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар көптеп пайда болады. 

ГҮЛЖАМАЛ ДАХАНОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ:

 - Биылғы жылдың 8 айында туристер ағынының есебінен облыс бюджетіне 3 миллиард 730 миллион теңге түскен. Қаламызда шағын және орта бизнестің даму қарқыны жоғарылай бастады. Әсіресе туристерге қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны артып барады.

Туризм саласын жүйелеп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін бірқатар заманауи үлгідегі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ қалада жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал салынады. Ташкент-Түркістан бағытында қатынайтын жүрдек пойыз бен автобус бағытын ашу жоспарланып отыр.