Отандық делегация InnoTrans халықаралық көрмесінде

Жаңа электробустар мен жоғары жылдамдықты көліктер, өздігінен жүретін трамвай, қуат үнемдегіш пойыз. Бұл ашық аспан астындағы 40-тан астам павильонға әреі сиған халықаралық теміржол индустриясының «ИнноТранс» көрмесі. Әр жылда өндірушілер тың өнімдерін таныстырып келеді. Биылғы инновация – рельспен жоғары жылдамдықта жүретін көлік. 6 адамдық орны бар модель сағатына 500 шақырымға дейін жылдамдығын ұлғайта алады. Қатысушылар арасында отандық өндірушілер де бар. Мәселен, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өкілдері Берлиндегі келіссөздердің нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлермен әріптестік орнатуды көздейді.

ВАЛЕРИЙ ОБИЛЕЦ, «АҚТӨБЕ РЕЛЬС-АРҚАЛЫҚ ЗАУЫТЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - InnoTrans көрмесінде біз шығаратын рельске деген қызығушылық жоғары. Шетелдік әріптестер Қазақстанда инновациялық технологияның қарқынды дамып жатқанына қатысты таңданыстарын жасыра алмауда. Мәселен, Эстония, Франция, Польша, Литва, Финляндия және Латвия елдерінен өнімімізге деген жоғары сұраныс байқалады.

Сонымен қатар Берлинде көлік және логистика саласындағы компаниялар басшыларының дөңгелек үстелі өтті. Неміс кәсіпкерлері елімізде транзиттік тасымалдың дамып жатқаны туралы айтты. Мәселен, Қытайдан кәрі құрлыққа жүк тасымалына жұмсалатын уақыт Қазақстанның арқасында едәуір қысқарды.

УВЕ ЛОЙШНЕР, «DEUTSCHE BAHN» ЕУРАЗИЯДА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АҒА ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осы кездесу – ынтымақтастығымызды дамытуға берілген мүмкіндік. Қазақстан біз үшін аса маңызды транзиттік мемлекет. Соңғы 10 жылдағы қарқыны айтарлықтай үдеді. Біз Еуропа мен Қытай арасындағы контейнерлік тасымалдау бойынша жұмыс жасап келеміз.

Германияда дәстүрге айналған ірі жәрмеңке 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл оған Қазақстанмен бірге 60 елден өкілдер қатысып отыр.