Алматыда Орталық Азиядағы мұнай және газ саласына арналған «KIOGE 2018» көрмесі өтуде

Алматыда Орталық Азиядағы мұнай және газ саласына арналған «KIOGE 2018» көрмесі  жұмысын бастады. Ауқымды шараға биыл 15 елден 250 компания қатысуда. Мұнда келген жұрт әлемдегі мұнай газ саласының озық технологиялары мен инновацияларды көруге асық. Өйткені, ширек ғасырдан бері өткізіліп келе жатқан «KIOGE  2018»  көрмесі осы саладағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаң саналады.

АЛЕКСАНДР ЯКОВЛЕВ, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САУДА ӨКІЛІ:

 - Сіздерде шетелдік компаниялар үшін жағымды инвестициялық климат қалыптасқан. Көрмеде Ресейден келген 100-ден аса компания мұнай саласындағы іргелі ізденістерін ұсынды.

Көрме шеңберінде өткен конференция барысында отандық сарапшылар «Теңіз» бен «Қарашығанақ» сынды ірі кен орындарында инновациялық технологияларды ендірудің экономикалық әсері туралы баяндап берді. Сондай-ақ «Ақылды кен орны» атты қазақстандық ноу-хауды таныстырды.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ИСҚАЗИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Қазмұнайгазда» қолданылатын интеллектуалды кен орнының ерекшелігі – ол тек технологиялық әдіс емес. Ол мұнайды есепке алуды автоматтандыруға мүмкіндік берді,  және ол логистикалық модельмен үйлестірілді. Ал бұл кен орындары мен өндірісті осы уақытта басқаруға мүмкіндік береді.

Әлі 2 күнге жалғасатын көрменің іскерлік бағдарламасы аясында «В2В» форматындағы келіссөздер, маңызды кездесулер мен тұсаукесерлер өтіп, мұнай саласын дамытуға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.