Елордада «Astana Media Week» апталығы басталды

Елордада Орталық Азиядағы ірі медиа оқиғалардың бірі – «Astana Media Week» өтіп жатыр. Диалог алаңы екінші рет аймақтық, республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ баспасөз қызметтерінің және мемлекеттік органдардың өкілдерін жинады.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Басты мақсаты – отандық медианарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты. Сондықтан да бұл апталықтың қатысушылар үшін озық тәжірибелермен танысып, пікір алмасып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, жаңа теxнологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік.

Медиа-апталықта «Хабар Агенттігі» де өз контентін ұсынып, халықаралық аренадағы әріптестік көкжиегін кеңітуде. 20 жылдан астам тарихы бар медиа-холдинг ірі теле-радио-корпорациялармен берік байланыстар орнатып үлгерген.

САНДУҒАШ РАХЫМЖАНОВА, «KAZAKH TV» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ақпарат айдынында бір мәлімет алу үшін қарымта қайтаруға тура келетін жағдайлар көптеп кездесетіні қалыпты құбылыс. Мұндайда біз стратегиялық шешімдер қабылдаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, елімізде өтіп жатқан оқиғалар жайлы ұсынған материалдарымыз көрермен үшін қызық, әрі халықаралық маңызға ие болғаны дұрыс. Сол кезде ғана оны бізден алған арна эксклюзив ретінде көрсетуіне мүмкіндік туады. Сондай айтулы оқиғалардың бірі, мәселен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген сәтін шетелдік әріптестерімізбен алмастық. Осылайша бұл шара әлемдік арналарда көрсетілді.

«Astana Media Week» апталығында қазақстандық ақпарат құралдарының бірінші басшыларымен тет-а-тет кездесулер өтеді. Тараптар медиа-өндірістің перспективаларын талқылайды. Сондай-ақ шара барысында диалог және келіссөздер алаңдарындағы кездесулер сала қызметкерлеріне жаңа байланыстар, түрлі форматтағы тиімді қатынастар орнатуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шеберлік дәрістері, медиа нарықтың бүгінгі дамуының ең өзекті мәселелері талқыланатын пікірталас сессиялары ұйымдастырылады. Сонымен қатар ұлттық баспа нарығының даму мәселелері, заман сұранысына байланысты туындайтын қиындықтар мен мүмкіндіктері талқыланады. Форумда кең ауқымды мәселелер бойынша, соның ішінде, сандық маркетинг құралдары туралы халықаралық деңгейдегі спикерлер сөз сөйлейді.