Баянауыл ауданының Қоңыр әулие үңгірінің маңынан көне қорым табылды

Ертіс өңірінің ғалымдары биылғы жазда аймақтың қасиетті жерлерін жан-жақты зерттеп, экспедициялардан олжалы оралды. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Баянауыл ауданының Қоңыр әулие үңгірінің маңынан тарихи ескерткіш табылды. Қола дәуіріне тиесілі көне қорым отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық үшін тың жаңалық әкелуі мүмкін. Мамандар бұл моланы топырағымен бірге зертханаға әкеліп, томографиялық сараптамадан өткізбек. Қорымның жанынан, сонымен қатар ежелгі адамдардың еңбек құралдары да шыққан. Май ауданының Ақсарай қорымынан табылған 2,5 мың жылдық тарихы бар бесіктің табылуы да үлкен жаңалық болып отыр.

ТИМУР СМАҒҰЛОВ, МАРҒҰЛАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, АРХЕОЛОГ-ҒАЛЫМ:

 - Бұған ежелгі адамдардан қалған тас бұйымдары, қыш ыдыстардың қалдықтары мен қорымдар дәлел. Үңгірдің жанынан таспен қоршалған молалар табылды.

 КРЫМ АЛТЫНБЕКОВ, РЕСТАВРАТОР-ҒАЛЫМ:

 - Қазір жаңалық ашып отырмыз, осындай бесік бірінші рет табылып отыр. 2,5 мың жыл бұрын болған бесіктің тарихы терең. Қазір сол бағдарламаның арқасында қалған артефактілерді зерттеп жатырмыз. Олардың арқасында бірде-бір шаш, бірде-бір артефакті жоғалмайды. Содан кейін бәрін сөйлетуге болады.