«Ұлы Дала еліне саяхат»: «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша Тараз қаласына келді

«Ұлы Дала еліне саяхат» жобасының экспедициясы «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша Тараз қаласына келді. Саяхатшы топ туроператорлардың өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден құралған. Экспедиция мүшелері Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарындағы тарихи маңызды нысандарды 13 күнде аралап шықпақшы. Ондағы мақсат – табиғи, тарихи, киелі мекендерді зерттеп, туристерді тартуға ықпал ету. Тараздың көрікті жерлерін тамашалап болған соң, экспедиция құрамы Жамбыл мен Түркістан облыстарының аумағында орналасқан Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыға бет алады.

НҰРЖАН АЛҒАШЕВ, «ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жоспар бойынша 20-дан астам обьектілерді қараймыз, қазір біз 7 күн бойы Алматы облысын араладық, бүгінде Жамбыл облысына келіп тұрмыз. Ал Меркі қаласына кеше келгенбіз. Жамбыл облысында Ақыртас қалашығын қарадық. Көне Тараз, содан кейін Айша бибі мен Қарахан кесенелерін қараймыз.

Жоба аясында еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар құрылып, қазіргі жай-күйі жөнінде ақпараттар мен арнайы жолнұсқа әзірленбек. Ал «Kazakh TV» телеарнасында саяхат барысынан бейнекүнделіктер беріледі.