Астанада тұңғыш рет Еуразиялық әдеби форум өтті

Шетел қаламгерлері Қазақстанға ағылды. Елордада тұңғыш рет Еуразиялық әдеби форум өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» деген айдар тағылған халықаралық шараға еліміздің белді ақын-жазушыларымен қатар құрлықтың түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген әлемге белгілі сөз зергерлері қатысты. Басқосуда заманауи әлем әдебиетінің даму барысы, жаңа бейнелер мен көтеретін соны тақырыптардың қуаты, мән-маңызы талқыланды. Бұл жаһан көшінен жалынды сөзден отты ой өретін отандық майталмандар да қалыс қалмауымыз керек дейді.

СӘУЛЕ ДОСЖАН, ЖАЗУШЫ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Әрқашан даңғылды бұзған, рельстен шыққан нәрселер ғана адамдарды елеңдетеді, қоғамға даму әкеледі. Сондықтан біз ізденуіміз керек. Жаңағы айтылған мистикаға баруымыз керек. Жалпы заманның өзі қазір жылдам дамып келетіндіктен әзір романдардың өзінің көлемі кішірейіп қалды. Барлық нәрсені кішкентай ғана бір құтыдай нәрсеге сыйғызып жіберетіндей етіп жақсы ой айта білуіміз керек. 

«Толқынды толқын қуады» деп Мағжан Жұмабаев айтып кетккендей, аға буын өкілдерінен кейінгі ізбасарлары нені мирас етті? Жалпы проза, поэзия  драматургияның бүгінгі жай-күйі мен аударма ісінің хал-ахуалы басқосудың өзегіне айналды.  Қазақ халқы жыр-жауһарға аса бай. Сарқылмас қазынаны әлем жұрты білуі тиіс. Жиында қазақ әдебиетін өзге тілдерге тәржімалау мәселелері де қозғалды.

НИЗОМ КОСИМ, АҚЫН, ТӘЖІКСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Тәжікстанда қазақ әдебиеті көптеп аударылады. Сіздердің Жамбыл, Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафиннен бастап кейінгі толқынның шығармалары тәжікстандықтарға жақсы таныс. Әсіресе Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтың туындылары оқырмандарымыздың арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан олардың еңбектері  жиі аударылып  тұрады. Қазіргі таңда Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдер жинағын тәжік тілінде басып шығаруға дайындалып жатырмыз.   

Айта кетейік, дәл осындай форум 1973 жылы Алматыда өткен болатын.  Енді араға 45 жыл салып, Астанада ұйымдастырылып отыр. 2 күнге созылған жиын әдебиеттің зияткерлік қорын жинақтайтын, тәжірибе бөлісіп, мәдени байланыс орнататын халықаралық пікір-талас алаңына айналды.