Каспий жағалауында «Теңізден теңізге дейін» экспедициясы аяқталды

Каспий жағалауында «Теңізден теңізге дейін» экспедициясы аяқталды. Бұл шара «Ұлы дала еліне саяхат» жобасы аясында ұйымдастырылған. 4 мыңға жуық қашықтықты артта қалдырған саяхатшылардың алған әсерлері керемет. 3 облыстың аумағынан жиған материалдары да жетерлік. «Теңізден теңізге» дейін экспедициясы біздің елдің алуан түрлілігі мен байлығын көрсетті. Оның ішінде Маңғыстау өлкесі ерекше.

КОНСТАНТИН КИКВИДЗЕ, ФОТОГРАФ:

 - Мен басқа планетада болғандай әсер алдым. Мен осымен Маңғыстауға 7 немесе 8 рет келіп тұрмын. Келген сайын бұл жердің таңғажайыптары бітер емес. Себебі пейзажы космостық. Бұндай ландшафт еш жерде жоқ.

Астананың 20 жылдығына орайластырылған экспедиция 10 қыркүйек күні Алматыдан бастау алған. Мақсаты – туристік бағыттарды жетілдіріп, табиғи және тарихи орындарды анықтау. 

ДӘУРЕН РАПТАЕВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Біз Ақтауға дейін 4 мың шақырымды жүріп өттік. Экспедициямыз «Теңізден теңізге дейін» деп аталған соң, жолшыбай Арал теңізіне соқтық. Біз бірқатар маңызды орындарға да бардық. Атап айтсақ: Тұзбайыр, Бозжыра.

14 күн бойы атақты блогерлер, шет ел журналистері мен фотогрофтары Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарын басып өтті. Экспедиция нәтижесінде жаңа туристік бағыттар нақтыланып, Қазақстанның табиғи нысандарының фото және бейнеқоры жинақталды және жолсілтемелер дайындалды. Экспедицияның қорытындысы бойынша, «Kazakh TV» телеарнасында Қазақстанның туристік нысандарына арналған бейнекүнделіктер беріледі.