«Жаңа Жібек жолы» экспедициясының саяхаты

«Жаңа Жібек жолы» экспедициясының саяхаты

Кең байтақ даланы көне керуен ізімен кешіп өту. Еліміздің туристік әлеуетін зерттеуге бағытталған «Ұлы Дала еліне саяхат» жобасының аясындағы танымдық сапарлардың соңғы бағыты «Жаңа Жібек жолы» болмақ. Бұл жолы да саяхат мүшелері танымал қазақстандық, шетелдік тілшілер және туристік операторлардың өкілдерінен жасақталған. Экспедициялық топ сапар барысында Қазақстанның көз тартар сұлу табиғатымен қатар көне тарихи-мәдени ескерткіштерге толы қасиетті мекендерін аралап, 3,5 км жуық қашықтықты еңсеретін болады. Олардың қатарында Көлсай, Қайыңды, Шарын табихи паркі, Ақтау тауы мен Шоқан Уәлиханов қайнары, Талғыз көне қала орны, «Медео» мұз айдыны, Шымбұлақ пен Үлкен Алматы көлі бар. Сондай-ақ саяхатшылар Мамғалы шатқалын, Жамбыл өңіріндегі Ақыртас кешенін, Қарахан мен Айша-Бибі кесенелерін, «Ежелгі Тараз» археологиялық орталығын аралайды. Орталық Азиядағы ең көне табиғи  қорықтарының бірі Ақсу-Жабағалыда назардан тыс қалмайды.  Еске салайық, экспедициялардың қорытындысы бойынша «Kazakh TV» телеарнасында туристік әлеуетіміз жөнінде арнайы бағдарламалар легі шығарылады.

НҰРЖАН АЛҒАШОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

– VI экспедиция 13 күннің ішінде Алматы, Түркістан облыстарын қамтитын болады. Ұйымдастырушылары - «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігі. Экспедиция құрамында 28 адам бар. 

БОГДАН БУЛЫЧЁВ, ВИДЕОБЛОГЕР /РФ/:

-  Бұл экспедицияның басты мақсаты Қазақстанның ішкі туризмін насихаттау. Оның аясында зерттеулер жүргізіліп, жаңа туристік бағыттар құрылады. Мен Қазақстанға осымен үшінші рет келіп тұрмын. Әр сапарымда Қазақстанды жаңа қырынан ашамын. Бұл жолы да өзім үшін көп қызық табарыма сенімдімін.