Жаңа оқу жылы: IT-сыныптар, робототехника, нақты ғылымдарды зерттеу кабинеттері

Қазақстандағы білім ошақтары озық технологиялар мен оқытудың заманауи әдістеріне ерекше ден қоюда. Мамандар мұндай инновациялық жаңашылдықтарды заман талабының қажеттілігі екендігін айтады. Сондай-ақ, озық бастамалар білім беру сапасын арттырады, дейді мамандар. Жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде IT-сыныптар, робототехника мен нақты ғылымдарды зерттеу кабинеттері ашылды. Бірнеше өңірде мемлекеттік тілді латын әліпбиінде оқыту әдістемесі пилоттық режимде іске қосылды.

НҮРГІЛ АЗАНБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

- Әрине, бұл жобаны бастамас бұрын, педогогикалық ұжыммен, ата-аналар қоғамымен және оқушылармен талқыланған болатын. Бұл пилоттық жоба негізі 34 сағатқа негізделген.

Павлодардағы білім беру мекемелерінде 17 жаңа модификация кабинеті ашылып, 38 мектеп мультимедиялық құралдармен жабдықталды. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы білім ордаларында 277 IT- сынып ашылды. Мұндағы мектептерде робототехника кабинеттерін жабдықтау үшін 3 миллиард тенге бөлінген. Құрастыру, 3Д-дизайн, мехатроника негіздері бойынша оқыту бағдарламаларының авторлары – колледждердің білікті мамандары.

ГҮЛФАРИДА АУҒАНБАЕВА, №46 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Кабинет IT саласындағы соңғы талаптарға сай, Назарбаев зияткерлік мектептерінің негізінде жасақталған. Бұған дейін біз ол мектептердегі кабинеттерді жай ғана көріп, қызығатын едік. Ал енді біздің орта мектепте де мұндай сыныпты ашу арманымыз орындалып отыр.

Атырау мектептері де жаңа технологияларды тиімді пайдалануда. Мұнда ұстаздарға физика пәнін жеке бағдарламалары арқылы оқытуға мүмкіндік беретін интерактивті кабинеттер ашылған. Сондай-ақ, жергілікті оқушылар енді ағылшын тілін де видео сабақтар арқылы оқып меңгере алады.

ІҢКӘР ҚАБДОЛОВА, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

- Бұрындары зертханалық жұмысты мұғалім бізге өзі көрсетіп, ал біз тек сыртынан бақылап отыратынбыз. Ал қазір біз түрлі аспаптарды пайдаланып, өз бетімізше тәжірибе жүргізе аламыз. Біз үшін бұл өте қызық.

Ұстаздар қауымының ойынша, инновацияларды енгізу және әрбір оқушымен жеке жұмыс жасау әдісі білім сапасын арттырып, жастар арасында жаңашыл көзқарасты дамытуға септігін тигізеді