60-тан аса мемлекет азаматы Қазақстанға визасыз кіре алады

Қазақстан – әлем туристері үшін аса тартымды мемлекет. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана елімізге 1 миллион 800 мың саяхатшы келген. Шетелдік туристерді Қазақстанның тұмса табиғаты, тарихи ескерткіштері, салт-дәстүрлері мен мәдениеті қызықтырады. Елге келушілер санының артуына Қазақстанның визалық режимді жеңілдету бағытында қабылдаған шаралары да өз ықпалын тиігізіп отыр. Бүгінгі күні әлемнің 60-тан астам мемлекетінің азаматтары біздің республикаға визасыз кіре алады. Солардың қатарында Грузия да бар. Туристік компаниялардың мәліметтеріне сәйкес, соңғы бір жылда Грузиядан ағылған туристер саны 75 пайызға артқан.

ХАТУНА КОНДЖАРИЯ, ТБИЛИСИ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Қазақстанға бару арманым еді. Өйткені мен бұл ел жайында көп еститінмін. Осыдан 3 жыл бұрын іс-сапармен алғаш рет Астана қаласына бардым. Керемет әсер қалдырды. Жиі ел араласам да, қазақ халқы сияқты жайдары, жайлы, мейірімді халықты бұрын-соңды кездестірген емеспін.    

Қысқа мерзімді іс-сапар кезінде Орталық Азия мәдениетіне таңқалған саяхатшылар Ұлы Жібек жолында орналасқан киелі шаһарларымыздың шежіресімен танысуға ниетті.  

МОНИКА ВАТИБАШВИЛИ, ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Бұрын грузиндер Қазақстанға іс-сапармен ғана барса, қазіргі таңда бұл ел курорттық аймақ ретінде қызықтырады. Саяхатшылардың көбі Түркістан қаласын таңдайды. Тарихы тереңде жатқан ежелгі қала сәулет ескерткіштерімен мешіттерге бай. Сонымен қатар Қазақстан көрікті табиғатымен көздің жауын алады.

Қазақстан неміс туристерін қайран қалдырды. Германиядан келген Райнхард пен Ингрид Кизелдер еліміздің тұмса табиғатына тамсанды. Бұдан бөлек, саяхатшылар қазақтың ұлттық мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен де танысты. Шартарапты шарлап жүрген Райнхард пен Ингрид Кизелдер Астанаға да ат басын тіреді.

РАЙНХАРД КИЗЕЛ  САЯХАТШЫ /ГЕРМАНИЯ/:

- Біз Астанада Бәйтерек, Тәуелсіздік сарайы, Үкімет үйі мен ЭКСПО-ны көрдік. Мұндағы ғимараттардың көркі көз тартады. Ақиқатын айту керек, әсіресе мені жергілікті тұрғындар таңқалдырды. Қазақстандықтар - өте қонақжай халық. Жол бойы бізге көмек қолын созып, әркез қолдау көрсетуге тырысты.

Отбасылық жұп осы күнге дейін 20-дан астам мемлекетте болған. Шағын автобуспен Солтүстік және Оңтүстік Американы да аралап шығыпты. Ал осы жолы саяхатшылар мамырдың 9-ы Гамбургтен шығып, осы күнге дейін Мәскеу, Қазан, Новосібір, Владивосток, Ұлан-Батыр секілді қалаларда болған. Еуразияға саяхатын неміс отбасы Германия мен барлық мемлекеттер арасындағы достығына арнады. Жаһанкездердің бұл турнесі қазан айында аяқталады.