40 қазақстандық оқушы Ұлыбританияның аэроғарыштық мектебінде тағылымдамадан өтті

Қазақстандық қырыққа жуық жас дарындар байқауының жеңімпаздары Ұлыбританияның аэроғарыштық мектебінде тағылымдамадан өтті. Байқаудың арқасында оқушылар оқу базасында болып, білім ордасының ғылыми жетекшілерімен және оқытушыларымен кездесуге мүмкіндік алды. Аэронавтика орталығының бас лекторы Элестер Кук балаларға Jetstream жеңіл қос моторлы турбовинттік жолаушылар ұшағының ішкі құрылысы туралы айтып берді. Кейін оқушылар сол ұшу аппаратына мініп, арнайы тапсырма орындаулары шарт болды. Яғни, аэрометрикалық құрылғылар мен жүйелердің көрсеткіштерін қағаз бетіне түсірді. Балалар қойылған міндетті мұқият орындап, өздерін бір сәтке болса да авиаинженер ретінде сезінді. Тәлімгерлер өз кезегінде олаға оң бағаларын беріп жатты.

МУДАССИР ЛОУН, КРЭНФИЛД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЛЕКТОРЫ:

- Балалардың бойында бүгінде бар ынта-жігер мен құлшыныстың деңгейіне қарап, болашақтары жарқын екендігін айтуға болады. Олардан өте жақсы инженерлер шығады.

Cranfield University - бұл ғылым, инженерия, технология және менеджмент бойынша маманданған британиялық университет. Бұл жеке әуежайы мен ұшақтары бар елдегі жалғыз оқу орны. Олар аэроғарыштық технологиялар бағдарламасы бойынша оқытып, жүйені зерттеу үдерісінде пайдаланады. Сондай-ақ, балалар өздерін ұшқыш ретінде де сынап көрді. Боинг-747-ні дәлме-дәл қайталайтын симулятордың көмегімен ұшу аппаратын қондыруды үйренді.

ЕЛДОС ЕГІЗБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Крэнфилд университетінде ұшаққа отырудан бастадық. Сол ұшаққа отырудан бастағанның әсері-ау деймін. Аспанда ұшып жүргендей бақытты болып жүрміз.

ГҮЛНҰР ҚҰЛЖАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Біз жаңа ғана симулятордан шықтық, алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Ұшақты шын мәнінде басқарған сияқтымын.

АЙКҮН БЕКСҰЛТАНОВА, АҚТӨБЕ Қ. ӨКІЛІ:

- Авиация мен ұшақ жасау бойынша бұл байқау мен үшін өте қызық болды. Болашақта осы салада қызмет еткім келеді.

Крэнфилд университетінің басшылығы бастапқыда балаларға аэроғарыш және авиация индустриясының қаншалықты қызықты екендігін түсіндіруді мақсат етіп қойғандарын айтады. Сондай-ақ, авиаинженерияға қатысты мамандық таңдай отырып, мансапқа жетуге болатынын жеткізгіміз келген, дейді.

ХЭЛЕН АТКИНСОН, КРЭНФИЛД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

- Біз Крэнфилд университетіне Қазақстаннан келген оқушыларды қуана қарсы алдық. Менің білуімше, мұнда жолдама алу оңай болмаған. Тағылымдама бағдарламасы өте мазмұнды болды. Біздің еңбегіміз еш кетпей, болашақта балалар Қазақстанның авиация саласын таңдайды деген үміттеміз.

Шетелдегі бұл сапар енді мамандық таңдауға көмектесіп, ағылшын тілдерін жетілдіруге және Крэнфилд университетінің әлемдегі ең үздік аэроғарыш мектебінде оқуға мүмкіндік бермек.