«Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы Жетісу өңірін аралады

«Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы аясында «Жетісу Алатауы» бағыты бойынша төртінші саяхат аяқталды. Бұл жолы экспедициялық топ көз тартар сұлу табиғатымен қатар көне тарихи-мәдени ескерткіштерге толы қасиетті Жетісу өңірін аралады. Олардың қатарында құпиясы толық ашылмаған «Бесшатыр» қорымы, орган музыкасына ұқсас дыбыс шығаратын қасиетімен ерекшеленетін «Айқайқұм» бар. Сондай-ақ, саяхатшылар «Алтынемел» ұлттық саябағы, Ақтау, Қатутау және Баянжүрек тауларына барып, ежелгі темір дәуірінде жартасқа салынған суреттерді тамашалады. Бұған қоса, Жетісу Алатауының Бүйен өзені, биіктігі жағынан Орта Азияда екінші орынды иеленетін Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы мен  Қора шатқалына аялдады. Жалпы, 12 күнге жалғасқан сапар барысында 2130 км жол еңсерілген. Еске салсақ, экспедиция мүшелері танымал қазақстандық, шетелдік блогерлер, тілшілер мен туристік операторладың өкілдерінен жасақталған.

ДЖЭК ХАРДИН, САЯХАТШЫ, ФОТОГРАФ-БЛОГЕР, /ШВЕЦИЯ/:

- Осы екі апта аралығында көрікті жерлерді аралап, күннің шығуы мен батуы сынды әсем көріністерді түсіріп алдық. Қонақжайлықтарын барынша танытқан жергілікті тұрғындармен таныстым. Тауларға шығып, атты маршруттармен жүрдік. Сапар барысында жиналған көптеген фотоматериалдармен бөлісуге асықпын. Әріптестігіміз жалғасатынына сенімдімін.  

ІҢКӘР МЕНАЯҚОВА, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

- «Жоңғар Алатауы» мемлекетіміздің аса құнды қазынасы саналады. Алайда, қасиетті мекеннің әлеуеті әлі толықтай ашылмаған. Бұл аймақ әсем жерлерге тұнып тұр. Олардың көркін ашып жетілдіру  керек. Оны біз блогерлер, фортасуретшілер мен операторлардың арқасында жүзеге асырып жатырмыз. Мамандар саяхат барысында құнды материалдық қоры жинау үсітінде. Олардың жұмыстары масс-медиа арқылы көпшілікке  жарияланады.  

Еліміздің туристік әлеуетін зертеуге бағытталған танымдық саяхаттардың келесі бағыттары Теңізден теңізге дейін және Жаңа Жібек жолы болмақ.  «Ұлы Дала еліне саяхат» жобасының қорытындысы бойынша «Kazakh TV» телеарнасында туристік әлеуетіміз жөнінде арнайы бағдарлама шығарылады. Экспедицияның  ресми медиа-серіктесі - «Хабар» Агенттігі.