Қазақстанда Конституция күні аталып өтуде

Қазақстанда мемлекеттік мейрам - Конституция күні аталып өтуде. Еліміздің басты заңындағы қағидаттар айбары асқан қуатты ұлт, дәулеті тасқан шуақты ұлыс құрудың бағыт-бағдарын айқындады. Ата заң – елдің қалауы, халықтың таңдауымен жасалған ортақ құжат. Конституцияны қабылдауға бағытталған 33 мыңға тарта ұжымдық талқылауларға 3 миллион адам белсене қатысқан.

ЖАНГЕЛДІ МАХАШЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ МҰРАҒАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Конституцияны қабылданғанына 23 жыл болды. Ата заң 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды.  Басты құжат ел  азаматтарының құқықтық қауіпсіздігінің кепілі бола тұра жаңа бағдарламалардың бастамасы болып табылады.

Қазақстанның ұлттық мұрағаты – посткеңестік кеңістікте халықаралық талаптарға жауап беретін озық үлгідегі технологиямен жарақтандырылған бірден-бір мекеме. Мұнда еліміздің тарихи құжаттық мұрасы сақталған. Бұл шамамен 340 мың құнды дерек. Олардың қатарында 1993 жылы қабылданған конституция түпнсқасының шоқтығы биік тұр. Құжат 4 бөлім 21 тарау мен 131 баптан тұрады. Басты құжаттың қабылдануымен тұғырлы елдің қадасы қағылды. Бүгінде сол құқықтық қатынастардың қайнар көзінің негізінде жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде.

ДИНАРА БЕРЛІҒОЖИНА, ҚР ҰЛТТЫҚ МҰРАҒАТЫНЫҢ МҰРАҒАТ ҚОЙМАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ

- Бұл біздің мұрағаттар қоймамыз. Мұнда құжаттар сақталған. Олардың бірегейі әрине 1993 жылы 28-ші қаңтарда қабылданған біздің Конституция. Құжаттар мынандай қораптарда сақталады. Бұл конституция Қазақстан Республикасының негізін қалады. Бұл – елдің басты қазынасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Бұл заңды Ұлттық мұрағат қорына Президент әкімшілігі тапсырды. Сол уақыттан 1-ші нөмірмен белгіленген құжат.

Ата заңымыз заман ағымына сай түрленіп, қоғамды одан әрі ізгілендіруге кең жол ашты. Осының арқасында қаймағы бұзылмаған бейбіт тірлікке сызат түскен емес. Себебі Конституцияға негізделген Қазақстандық тәжірибе өзгеге үлгі, оның еліміздің дамуына тиіп жатқан шарапатына талай сырт көз куә.