Алматы дәрігерлері медицинадағы тың тәсілдерді меңгеруде

Медицинадағы тың тәсілдерді алматылық дәрігерлер меңгеріп жатыр. Олар америкалық офтальмологтардың жетекшілігімен көздің мөлдір қабатын консервіленген донорлық материалмен алмастыруды меңгерді. Күрделі операцияны қажет ететін пациент Тараздан жеткізілді. Оның сол жақ көзіне үш жыл бұрын еріткішке толы құтыны сындырған сәтте зақым келген. Осы уақытқа дейін Қазақстанда мұндай трансплантациялау жасалмаған. Жаңа әдіс Көз аурулары ғылыми зерттеу институты мен Америкалық көз қабығы банкімен жасалған келісімдерінің арқасында енгізіліп отыр.

БЕНДЖАМИН ЛАМБРАЙТ, ХИРУРГ-ТРАНСПЛАНТОЛОГ /АҚШ/: 

- Шын мәнінде, АҚШ-тың өзінде мұндай операцияны жасайтын хирургтар аз. Өйткені өте күрделі операция. Көздің мөлдір қабатының мыңнан бір бөлігін алмастыру қажет. Қазақстандық офтальмологтардың осындай трансплантациялауға барлық мүмкіндіктері бар екенідгіне көзім жетті. Сізде басты шешілмеген мәселе – донорлық материал.

Бұрын отандық дәрігерлер зақымдалған көз қабығын ауыстыру үшін оның барлық қабатын толықтай алып тастап, басқа қабық салатын.  Енді мөлдір қабықшаны ішкі жағынан ауыстыру тәжірибеге енгізілуде. Бұл әдіс көз жанарын толық ашуды, тігіс жасауды қажет етпейді. Сәйкесінше, операциядан кейін емделуші тез оңалып, көру қабілеті жақсарады.

МАРАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, «КӨЗ АУРУЛАРЫ ҚАЗҒЗИ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Сондықтан біз көздің қабығын америкалық банктен алдық. Яғни, алдағы уақытта олар бізге көздің консервіленген қасаң қабығын жеткізу туралы келісімге қол қойдық.   

Республика бойынша, көз қабығын ауыстыруға мұқтаж 200-ге жуық адам бар. Донор жетіспеушілігі мәселесіне байланысты жанары зақымдалған жандар көз қабығын ауыстыру операциясын ұзақ күтеді. Жаңа технология бойынша жыл соңына дейін 70 науқасқа мұхит асып келген консервіленген көз қабықтары  ауыстырылып, салынады.