Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні

29-тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Еске салсақ, 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның қатерлі қаруға күрес бастамасын қолдаған. Әлем деңгейінде дәл осы күні аталып өтуі де бекер емес. Өйткені 27 жыл бұрын тамыздың 29 күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын. Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанның дүниежүзілік антиядролық қозғалысты бастап, «АТОМ» халықаралық жобасын іске қосқанын ерекше атап өтуде. 2015 жылдың желтоқсан айында  БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясын қабылдауда да Қазақстан өзінің сүбелі үлесін қосты. Ел аумағында халықаралық төмен байытылған уран банкінің орналасуы да Қазақстанның бұл бағыттағы тиімді саясатының енді бір айқын айғағы. Осы сынды мемлекетіміздің игі бастамалары әлемді қарусыздандыру қамында жүзеге асып келеді. Елбасы түрлі халықаралық саммиттер мен конференцияларда, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алаңында әлем елдерін жаппай қырып-жою қаупі зор қаруды әскери мақсатта қолданбай, мүлдем бас тартуға шақырып жүр. Былтыр Астана тағы ядросыз әлем құрудың алаңына айналды. Елордада өткен Пагуош конференциясында жетекші сарапшылар ядролық қарудың жаһандық қауіп-қатерінің алдын алу мәселелерін талқыға салған болатын.