«Ұлы Дала Eліне саяхат» экспедициясы Сарқан қаласына жетті

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы аясында жолға шыққан «Жоңғар Алатауы» экспедициясының мүшелері Сарқан қаласына келді. Олар құпиясы әлі толық ашылмаған сырға толы Бесшатыр қорымдарында болып, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын аралап көрді. Ондағы таңғажайып табиғи нысан Айғайқұммен танысып, Ақсу ауданы аумағындағы Баянжүрек тауларына аялдады. Сондай-ақ Орталық Азиядағы биіктігі бойынша екінші орындағы сарқырамалардың бірі Бұрханбұлаққа да ат басын тіреді. Жоңғар Алатауының шығыс беткейінде орналасқан оның суы дертке дауа, жанға шипа болып келеді. Ал табиғатын суреттеуге тіл жетпейді. Экспедиция жер жәннаты Жетісудағы осындай бірқатар киелі жерлерге аялдайды. Оның құрамында журналистер мен туристік операторлар өкілдері, шетелдік және отандық блогерлер мен Швейцария, Британия елдерінен келген саяхатшылар, фотосуретшілер де бар.

МАКСИМ ЛЕВИТИН, БЛОГЕР:

 - Көптеген көрікті жерлерді көріп, сұлу табиғатқа тәнті болып отырмыз. Экспедицияның мақсаты – Жетісудың тұмса табиғатына қоғамның назарын аудару болса, біз оған қол жеткіздік деп ойлаймын. Маған, әсіресе, Қапал ауылы мен «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы және Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы қатты ұнады.