Қызылағаш бөгетінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады

Алматы облысындағы Қызылағаш бөгетінің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыстың үштен бір бөлігі орындалды: жол мен электр сымдары тартылып, су қоймасының түбі тазартылды. Сондай-ақ су тасталатын туннель де қазылды. Енді бөгеттің өзін тұрғызу жұмыстары жүргізілмек. Мамандардың айтуынша, нысанның іске қосылуы өңір үшін мультпликативтік әсерге ие болмақ. Жергілікті егіс алқаптарының аумағы 7 есе кеңейіп, өнімділік еселенеді.

РАХЫМЖАН РАЗБАЕВ, «ҚАЗСУШАР» РМК АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

 -  Бұрынғы бөгет саз балшықтан тұрғызылған. Жаңасының жобасы күрделірек. Оның түбіне бетон құйылады. Қабырғасының биіктігі 2,5 метрге жуықтайды. Ол тастан қаланады. 930 мың текше метр аумаққа тас төселеді.  Бұрын ондай болмаған. Бұл жобада бөгет күшейтілген. Міне, сондықтан да оның мықты болатынына сенім зор.

Бөгеттің биіктігі – 55,5 метр, ұзындығы 310 метр болмақ. Бір жағасынан екінші жағасына дейінгі аралық – 300 метр. Нысанның құрылыс басында 200-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Жалпы ауданы 337 гектарды алатын су қоймасының сыйымдылығы 42 миллион текше метр. Нысан 7 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз етпек.

СӘУЛЕ ӘМИТОВА, ҚЫЗЫЛАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

 - 163 шаруа қожалығы бар, су болмаған соң негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бөгет қолданысқа берілген соң егін егуге мүмкіндік артады.

Су қоймасы тапсырылып, жеткілікті көлемде су жинақтау үшін 2 жылдай уақыт қажет. Айналымға енгізілетін алқаптарда қант қызылшасын, соя және бақша дақылдарын өсіру көзделіп отыр.