Барша мұсылман қауымның ұлық мейрамы Құрбан айт басталды

Барша мұсылман қауымның ұлық мейрамы Құрбан айт басталды. Биыл бұл мереке тамыздың 21-не келіп отыр. Ол таңсәріде айт намазын оқыған кезден бастап, 3 күнге жалғасады. Адамзаттың тілегі қабыл, мұраты асыл болатын мейрамда құрбандық шалу уәжіп болып саналады. Құрбандық малын мерекенің алғашқы күні айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.

СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

 - Құрбандық шалу кімдерге уәжіп болып саналады? Бірінші, мұсылман болу, екінші, жол сапарда емес, тұрақты бір орында болғаны және үшінші – бұл алғашқы зекеттің талабы бойынша 85 грамм алтынның көлемінде өзіндік жеке қаражаты немесе дәулеті болуы керек. Құрбандыққа қандай мал шалынады? Ол біздің халқымыздың төрт түлігімізді айтып жатамыз ғой. Соның ішінде атап айтқанда қой, ешкі, қара малдан сиыр және түйе шалынады.

Ең бастысы, Алла жолында шалынатын құрбандықтың ешбір жерінде кемістігі болмауы тиіс. Құрбандық етін үшке бөліп тарату керек. Бір бөлігі өзіне, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.

СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

 - Құрбан айт 3 күн кезеңінде айт намазын оқып болғаннан кейін ағайын, туысты, жекжат-жорағатты, өзіне өте жақын болған, қадірлі болған жандарды барып зиярат етіп,  ақ дастарханы жайылып, ақ пейілімен келген кісінің баршасына, айт қабыл болсын деген кісіге өзінің ас мәзірі мен құрметін көрсетеді.  

Барша әлем мұсылмандары осы сәттерде қажылық амалдарын орындап жатыр. Биыл 3 мыңнан астам отандастарымыз Мекке, Мәдинеге барып, қажылық парыздарын орындады.