«Бір жол – бір белдеу» тақырыбына арналған республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан мен Қытай екіжақты байланысты нығайтуда. «Нұрлы жол» және «Бір жол – бір белдеу» бағдарламаларының тоғысуының арқасында экономиканың сан түрлі салалары бойынша байланыс орнату мүмкін болып отыр. Мұның нәтижесін тек 2 ел ғана емес, барлық аймақ мемлекеттері сезінуде. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан арқылы Еуропаға жүк тасымалы көлемінің ұлғаюы Орталық Азия елдерінің экспорттық әлеуетін арттырады. Ауқымды қытайлық жоба болашағы мен екі елдің өзара байланысы «Бір жол – бір белдеу» бастамасының 5 жылдығына арналған шарада сөз болды. Жиын барысында республикалық эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.  

ЛЮ ЦЗЯНПИН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ ЕЛШІЛІГІНІҢ УАҚЫТША СЕНІМДІ ӨКІЛІ:

 - Соңғы 5 жылда біз шамамен 11 жобаны іске асырдық. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Әсіресе, индустрияландыру және инвестиция салаларындағы әріптестігімізді атап өтер едім. Бұл бағытта жалпы сомасы 27 млрд АҚШ доллары болатын 51 жоба қолға алынды. Оның аясында мұнай мен газды қайта өңдейтін зауыт құрдық. Цементті қайта өңдеу зауыты да ашылды. Автокөлік өндірісімен айналысатын зауыт ашылды. Қытай мен Қазақстан жан-жақты стратегиялық серіктес. Сондықтан әріптестігі түрлі салаларды қамтиды.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 60 үздік еңбек іріктелген болатын. Тақырып сан алуан. Тарихтан бастап 2 елдің достығы мен жан-жақты стратегиялық әріптестігіне арналған ғылыми зерттеулерге дейін бар.

ОЛЖАС БЕЙСЕНБАЕВ,  ҚЫТАЙТАНУШЫ, БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ:

 - Бұл байқау менің диссертациямның тақырыбымен бірдей. Жұмысым «Бір жол – бір белдеу» бастамасына арналған. Бір жыл бойы осы зерттеумен айналысамын. Цифрлы Жібек жол тақырыбын зерттеуге мән берудемін. Бұл жобаның көптеген бағыттары бар. Жібек жолы, Әуе Жібек жолы, полярлы Жібек жолы, ғарыштағы Жібек жолы сынды бағыттарын атап өтеуге болады. Соңғысы – Жер серігінің көмегімен әлем бойынша ақпарат алмасу, осы саладағы мамандарды даярлау.