Алакөлде туризмді дамыту

Алакөл – тартылыс орталығы. Жыл сайын бірегей тұзды көлге келетін туристер саны артып жатыр. Мәселен, биыл жаз маусымы басталғалы су қоймасының жағалауында миллионнан астам адам демалып қайтқан. Саяхатшыларды Алакөлдің таза суы ғана емес, сондай-ақ оның бірегей емдік қасиеттері қызықтырады.

ШАРБАТ ОСПАНОВА, ДӘРІГЕР:

-  Осы көлдің «қандай құрамы бар» деп тексерді. Соның ішінде хлор, бром, родон бар екен. Осы жердің батпағы өте қасиетті. Ауруларға қолдануға болады.

Қазір аймақта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алған. Мемлекет басшысы «Алакөл – Қазақстанның туристері көптеп келетін жер болуы керек» деп айтқаны белгілі. Бүгінгі күні мұнда 200-ге жуық қонақ үй, санаторийлер, демалыс базалары бар. Алакөл аймағындағы басты артықшылық – көлікпен жету мүмкіндігі. 2020 жылға қарай автокөлік магистралінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

ҒАЛЫМҰРАТ ЖҮКЕЛ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

-  Мердігерлер қазірдің өзінде анықталған. Жол 2 телімге бөлінеді. Толықтай дайын түрінде тапсырылады, яғни мердігерлік ұйымдар жобаны өздері жасайды. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді, ал үшінші кезеңде олар құрылысты бастайды. Құрылыс 2 жылға жалғасатын болады.

Еске сала кетейік, Үшаралдағы туристерге ыңғайлы болу үшін әуежай іске қосылды және жаңа теміржол бағыттары енгізілді. Курорттық аймақтың әлеуеті зор. Сарапшылардың пікірінше, демалыс маусымы аяқталғанша Алакөлге келгендер саны 2 миллионға дейін жетеді.