Қысқы туризм: Мырзашоқы тау шаңғы базасы

Ертіс өңірінің киелі өлкесі – Баянауыл ауданы туристік картаның құрамына енді. Бұл тізімге кең байтақ еліміздің 10 туристік орталығы кіріпті. Демалушыларды Баянауыл жерінің ғажайыпқа толы тау-тастары мен әсем су-көлдері тартады. Соңғы жылдары мұнда экологиялық, танымдық және спорттық туризм қарыштап дамуда. Бүгінде ұлттық парк аумағындағы табиғи ескерткіштерді таныстыратын 20-ға жуық маршрут бар.

САҚТАЙ КЕШУБАЕВА, ТУРИСТ:

-  Өте ұнайды. Жақсы демалып, кейін қыс бойы ауырмаймыз. Бәріміз – кәрі адамдармыз. Үлкейген шақта буындар, артроз, остеартроз деген аурулар пайда болады. Соның бәріне ем.

Қасиетті Баянауыл өлкесінің тұмса табиғатын тамашалауға келетіндердің қатары жыл сайын 200 мың адамнан асады. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыру. Қазіргі таңда бұл бағытта бірқатар стратегиялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Баян өлкесіне туристерді жазда ғана емес, қыс мезгілінде тарту. Тынығушыларды өлкеге қыс мезгілінде тартуға Мырзашоқы тау шаңғы базасы септігін тигізбек. Теңіз деңгейінен 800 метрлік биіктікте орналасқан тау спорттық нысанды ашуға ыңғайлы. Аспалы жолдың құрылысына жергілікті кәсіпкерлер 300 млн. теңге бөлген. Бүгінде ұзындығы 1 шақырым болатын аспалы жол мен 11 шақырымдық шаңғы трасса салынып жатыр.

ЗЕЙНОЛЛА ТӘЛІПОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНДЫҚ СПОРТ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Шаңғыларды жалға беру пункті, медициналық қызмет көрсету пунктісі,  ас қабылдау орнының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 28 млн. 500 мың теңге бөлінді.

Сонымен бірге Баянауыл жерінде келесі жылы әуежай іске қосылады. Жоба құны – 240 млн теңге. Курорттық аймаққа апаратын тұрақты ішкі рейстер мемлекет тарапынан субсидияланады. Шағын аэродром арқылы Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларымен әуе жолы ашылады. Қолдау – мемлекет тарапынан. Осылайша, курорттық аймақ халықаралық стандарттарға сәйкестендірілмек.