Қазақстанның туристік әлеуеті

Қазақстан туристік мүмкіндіктерін кеңейтуде. Шетелдік туристер арасында елімізге деген қызығушылық артып келеді. 2018 жылы Қазақстанға келген саяхатшылар саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанға 2018 жылдың тек бірінші тоқсанында 1 миллион 800 мың саяхатшы келген. Айта кету керек, еліміздің барлық өңірлері туристік әлеуетке ие.

АНДРЕЙ ЩЕТИНИН АВТОТУРИСТ:

 - Шығыс Қазақстан – бұл  еліміздің ең бірегей мекені. Бізде аспанмен таласқан биік таулар, қарлы шыңдар, үлкен өзен-көлдер, су қоймалары, жағажайлар бар. Тіпті таңертең су қоймасының етегіндегі құмды жағада суға шомылып, түстен кейін қарлы шыңмен жүріп өтуге болады.

Шығыс Қазақстанда экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік мол болса, Алматы облысы этнотуризмге басымдық беріп отыр. Жетісу өңіріне қонақтарды тарту мақсатында оларға қазақи демалыс түрі ұсынылмақ. Бүгінгі таңда танымал курорттардың бірі Іле Алатауының баурайында көшпенділер ауылын тігіп, халқымыздың көне тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін турпакет жасақтаған. Мұнда туристер киіз үйде тұрып, ұлттық тағамдардардан дәм тата алады. Ал ежелгі номадтар өмірін терең білгісі келетіндер үшін табиғаты көрікті жерлерге атпен саяхат түрі ұсынылады. Туристке тәжірибелі нұсқаушы еріп жүреді. Айта кетейік, саяхатшылар қазақстандық туристік компаниялардың көрсеткен қызметтеріне дән риза.

МАДИНА ХИБАСОВА, ТУРИСТ:

 - Аумағы үлкен екен. Ауасы да таза. Тау баурайында балалармен демалғанға не жетсін. Сонымен қатар балаларға да ұнайды. Мұнда міндетті түрде тағы бір келеміз.

Маңғыстау облысы да туристерді көптеп тартуда белсенді шаралар атқаруда. 2023 жылға дейін аймақтың туризм саласына 20 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. 5 жыл ішінде Ақтау жағалауында 32 жаңа қонақүй мен демалыс базаларын салу жоспарланған. Сондай-ақ жағажайдың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 5,5 млрд теңге қаражат мемлекеттен бөлінеді. Бұл туризмнің жалпыаймақтық өнімдегі үлесін 2023 жылға қарай алдыңғы 1 пайыз көрсеткіштен 4 пайызға ұлғайтуға, ал келетін туристердің санын 3 есеге көбейтуге мүмкіндік береді.