ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Топ-10-қа енетін туристік жерлерді жариялады

Қазақстанға ат басын бұратын туристер үшін  ең тартымды нысандар белгілі болды. Елдің мәдениет және спорт министрлігі Топ-10 мен топ-50-ге енетін туристік жерлерді жариялады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, тізімге ұлттық парктер, курорттық аймақтар, табиғи су көздері, тау шаңғы базалары, білім, медициналық  кластер мен еліміздің мәдени-тарихи жерлері енген.

ЖАЛҒАС БАЛҒОЖИН, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл жобаның әрқайсысы маңызды. Қазіргі таңда туристификация картасы әзірленген. Оған ұлттық, яғни республикалық топ-10 және жергілікті маңызға ие топ-50 жоба еніп отыр. Бұл үздік ондық жобасы жеке-меншік-мемлекеттік серіктестік арқылы республикалық бюджеттен қаржыландырылады деген сөз. Ал топ-50-ге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбек.

Министрліктің мәліметтеріне сәйкес, басым бағыттағы ондыққа: Балқаш және Алакөл көлдерінің жағалауы, Шарын шатқалы, Алматы өңірінің тау кластері, көне Түркістан, Ащысор, Щучинск-Бурабай, Шалқар Имантау, Баянауыл курорттық аймағы мен «Көшпенділер тарихы» орталығы енген.  Ал үздік 50 көрікті жерге енген нысандар елдің түкпір-түкпірінде жайғасып отыр. Олардың сегізі бас шаһарда орналасқан.

ЖАЛҒАС БАЛҒОЖИН, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

-   Астана конгресс және іскерлік туризм орталығы ретінде танылуда. Алайда бұған қарамастан елорданы Қазақстанның мәдени орталығы ретінде қарастырғанымыз жөн. Топ-10 және топ-50-дегі нысандардың дені – жаңа. Яғни олардың құрылысында тың бағыттағы шешімдер қолданылған. 

Мамандардың айтуынша, Қазақстан әлемнің туристік картасында тұрақты орнын иеленуде. Бұл республиканың халықаралық туристер легін тартуға мүмкіндігі жеткілікті екендігін аңғартады. Еліміздің шетелдік саяхатшыларға ұсынары көп. Қазақстан туристер үшін бай тарихымен, құнды көне ескерткіштерімен, заманауи сәулет ғимараттарымен, емдеу-сауықтыру орындарымен ғана емес, ерекше әсер қалдыратын табиғат кереметтерімен және этно туризмімен қызықты. Бұдан бөлек, сарапшылар соңғы жылдары медициналық туризмнің көрсеткіші де арта түскенін айтып отыр. Бұл елімізде ғылым мен технологиялардың дамып келе жатқандығының айқын көрсеткіші. Сондықтан медициналық туризмнің әлеуеті зор екені анық.

ЖАЛҒАС БАЛҒОЖИН, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Медициналық туризм – жаңа бағыт. Қазір 9-10 қарашада Петропавл қаласында өтетін форумға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның аясында біз тұңғыш рет медициналық туризмге ерекше көңіл бөлмекпіз. Жиынға біздің ірі медициналық орталықтар мен Президенттің іс басқармасының өкілдері қатысады. Медициналық кластер экономиканың өз алдына бөлек саласы ретінде қарастырылады. Сондай-ақ медициналық туризмге арналған экспозиция өтпек. 

Алдағы 5 жылда туризм индустриясы Қазақстан экономикасының басым бағытына айналуы тиіс. 2023 жылға дейін саланың ЖІӨ көрсеткішіндегі үлесі 8 пайызға жетпек. Бұл үшін елде барлық жағдай жасалуда. Тарихи нысандар қалпына келтіріліп, инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Бұған қоса, бағыттар желісін құруға ден қойылған. Жаңа нысандар ашылып, қызмет көрсету саласы жетілдірілуде.