«Хабар» Агенттігі мен KBS арасындағы байланыс

«Хабар» Агенттігі халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріп келеді. Жуырда басқарма төрағасы Алан Әжібаев Сеулде «KBS» телерадиокорпорациясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 12 телеарна мен 7 радиостанциядан тұратын кореялық агенттікте 5 мыңнан астам маман қызмет атқарады. «Хабар» және «KBS» арасындағы стратегиялық әріптестік осыдан 4 жыл бұрын Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің хабар тарату одағы шеңберінде басталған болатын. Екеуара құжатқа қол қойылғалы жан-жақты байланыс та нығая түсті. Осылайша, Алан Әжібаев өзінің оңтүстіккореялық әріптесі – Ян Сын Донмен контент бөлісу, «Хабар» Агенттігінің телеөнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ұсыну, сондай-ақ ортақ өндіріс пен тәжірибе алмасу туралы әңгімелесті.

ДИНАРА АБАҚАЕВА, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - «Хабар» Агенттігі Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің хабар тарату одағына толыққанды мүшелік етеді. Сонымен қатар әкімшілік кеңесінің құрамына да кіреді. Меморандум Қазақстан мен Оңтүстік Корея телеарналары арасындағы байланысты нығайтады. Мұндағы біздің көздегеніміз – отандық контентті Оңтүстік-Шығыс Азия елдері телекөрермендерінің назарына ұсыну.