EXPO жобалары іс жүзінде

ЕХРО-2017 көрмесінде таныстырылған 105 шетелдік және 28 отандық технология іріктеліп, нақты жүзеге асырылатын болды. Олардың дені экологияны қорғауға, ресурстарды үнемдеп, тиімді пайдалануға бағытталып, мұнай, газ, көмір өнеркәсібі, электр энергетикасы, экология салаларын қамтиды. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Нақты жүзеге асырылатын жобалардың тізімі ұлттық компаниялар мен өңір әкімдіктеріне жіберілген. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар – 40, ал жеке компаниялар 15  технологияны өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

-  Көмір өнеркәсібі бағыты бойынша 3 технология таңдалды. Ол технологиялар 2019-20 жылдары енгізілетін болады.  Экология бағыты бойынша әкімдіктер мен компаниялар отандық және өнеркәсіптік сарқынды суды тазарту, ауа сапасын бақылау және қалдықтарды  басқару саласында 31 технология таңдады. Әкімдіктер мен компаниялар осы технологияларды бекітілген жол карталарын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта 16 жоба сәтті жүзеге асырылып үлгерген. Олардың денін әкімдіктер ендірген. Қазақстан үшін қызықты деп танылған ғылыми жаңашылдықтардың арасында америкалық гидравликалық қондырғылар, немістің жел станциялары, қытайлық күн аккумуляторлары сияқты жобалар бар. Отандық ғалымдардың өнертабыстары мен технологиялары да ендірілуде.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Ғалым Әлімғазиннің ГЭС М-62 жылу құрылғысы Қостанай облысы әкімдігі мен Әулиекөл ауданы да күн энергиясы есебінен суды тікелей жылыту үшін енгізілді. Бұдан басқа бұл технология 2018 жылы Павлодар және Алматы облыстарының әкімдіктерімен енгізілетін болады. Ғалым Болотовтың желілік роторлық турбина жобасы Қостанай облысы әкімдігімен енгізілді. Үшінші ғалым Жылқашинованың ЭКСПО көрмесінде көрсетілген қуаты 500 кВт бөгетсіз тиімді шағын су электр станциясы жобасы Шығыс Қазақстан облысында Риддер қаласында Кедровка өзенінде іске асырылған.

Астанадағы ЕХРО көрмесі «Болашақ энергиясы» ұранымен өткен. Ауқымды шара елімізде «жасыл» технологиялардың дамуына тың серпін берді. Салаға шетелдік инвестиция көлемі артып, ірі жобалар іске асты. Ерейментау жел паркі, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы алып күн станциясы, «Арнасай» «жасыл» ауылы солардың бірпарасы ғана. Биыл елімізде алғаш рет баламалы қуат көздерінен алынатын энергия аукционы өткізілді. Ал Маңғыстау және Ақмола облыстарында шетелдік инвесторлардың қаржысына ірі жел станциялары салынатын болды. ЕХРО қалашығында құрылған Халықаралық Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жаңашыл идеялар іске асатын инновациялық алаңға айналмақ.