Жоңғар Алатауы мен Шарын ЮНЕСКО тізіміне енді - Kazakh TV

Қазақстанның Алматы облысындағы Шарын шатқалы мен Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның халықаралық биосфералық резерваттар тізіміне енді. Қорықтар өзінің бірегей флорасы мен фаунасы, қайталанбас ландшафтымен, ерекше эко және гео жүйелерімен танымал. Мысалы, Шарын шатқалы құздар және реликті шаған тоғандарымен ерекше. Ал Жетісу Алатауының тау бөктері жотасын ғалымдар алма түрлерінің атасы санайды. Айта кетейік, осы жерде Сиверс алмасы өседі. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте тамыр беріп, жапырақ жаяды. Мұндай биорезерваттың құрылуы жабайы алма түрлерінің генофондын қорғауға және көбейтуге септігін тигізбек. Жыл сайын тау баурайларында 43 мың түпке дейін Сиверс алмасы отырғызылады.

ТИМУР ӘУБӘКІРОВ, ЖОҢҒАР АЛАТАУЫ ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ТӘЛІМБАҒЫНЫҢ ШЕБЕРІ:

 - Біз Сиверс алмасын тау бөктерінен жинаймыз. Соынмен қатар дәндерін таулар мен ормандарға отырғызып, өндіреміз.

Ұлттық парк  қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен сирек өсімдіктер санымен де бірегей. Сондай-ақ қорық жанында тәлімбақ та жұмыс істейді. Мұнда 20-ға жуық қылқан және жапырақты ағаш түрлері өсіріледі.

НҰРБОЛАТ НОҒАЙБЕКОВ, ЖОҢҒАР АЛАТАУЫ ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Сиверс алмасын қорғау мақсатында көмектер көрсетілуі мүмкін. Екінші топтағы мекеме болатынбыз. ЮНЕСКО-ға кіргеннен кейін біз бірінші топқа кіріп, біздің мамандарымыздың да жалақысы көбейеді деп ойлаймыз.

Жоңғар Алатауы ұлттық паркі жалпы аумағы 350 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Жыл сайын саяхатшылар арасында танымалдылығы артып, сұранысқа ие орындардың бірі болып отыр. Мұнда 11 туристік бағыт ұсынылады. Маусымның басынан бастап қорыққа мыңнан астам қонақ келіп-кетіпті.

АЙГЕРІМ КЕҢЕС, ДЕМАЛУШЫ:

 -  Жылда осы жерге келіп демаламыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, табиғаты керемет. Ауасы таза. Парктің бірегей фаунасы қызықтырады. Бұл жерде өсетін таңқурайды жинаймыз. Сонымен қатар мұнда тазалық сақталып тұрады.

Айта кету керек, ЮНЕСКО-ның халықаралық биосфералық резерваттар дүниежүзілік мұралар тізіміне Қазақстанның 10 қорығы кіреді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер