11 жастағы оқушы Алтынай Берік өзі жазған ертегілер кітабын жарыққа шығарды

Қызылордалық Алтынай Берік – бүгінде 50-ден астам ертегінің авторы. 6-шы сыныпқа көшкен қаршадай қыздың жуырда алғашқы кітабы жарық көрді. 7 жастан бері өз ертегісін құрастыруды бастаған ол ой тұңғиығындағы бейне, кейіпкерлерді әуелі сурет қылып салады. Содан кейін қағаз бетіне түскен бедерге тіл бітіріп, ертегі желісін жазады. Ол жан-жануарлардың іс-әрекеті арқылы достық, қайырымдылық секілді қасиеттерді жеткізеді.

АЛТЫНАЙ БЕРІК, ЕРТЕГІШІ:

 - Менің көп достарым кітап оқымайды деп айта алмаймын, бірақ олар кітап, газет-журнал оқығаннан гөрі ғаламторға кіргенді ұнатады деп ойлаймын. Сол себепті достарымды кітап оқуға шақырамын.

Кішкентай ертегішінің жарық көрген алғашқы 62 беттік жинағына 32 ертегі, 13 өлең және он шақты әңгімелері кірген. Дарынды өреннің қазірде екінші кітабы қатталып жатыр. Республикалық басылымдар Алтынайдың жаңа туындыларын асыға күтіп отырады екен. Жас жазушының қарымын байқаған өнертанушы, әдеби сыншылар бұл шығармалардың балалар әдебиетінде орны ерекше екенін айтады.  

БЕКЖАН МАХАМБЕТОВ,  ӨНЕРТАНУШЫ:

 - 11 жастағы бала 2 кітап жазу деген... Мен таңғалып отырмын. Мен бірінші рет көріп отырмын, шынын айтқанда, мынау деген зор байлық. 1000 дана аз, 10 мың дана етіп шығару керек. Әр отбасыға мұндай кітап керек етеді. Безендіруі, көркемдігі, түрлі-түстілігі, дизайны өте жоғары деңгейде істелген кітап екен.

Халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан нәр алған 11 жастағы өрен – түрлі деңгейдегі 50-ге жуық марапат-мадақтаудың иегері.