Сутегі газынан отын өндірілуі мүмкін - Kazakh TV

Зертханадан өндіріске. Назарбаев Университетінің студенттері циано-бактериялардың көмегімен мұнай тазалаудың бірегей технологиясын әзірледі. Нәтижесінде биологтар таза «қара алтын» алады. Жас ғалымдардың пікірінше, мұндай мұнайды экспортқа қымбат бағада шетелге шығаруға болады. Ал мұнайдан бөлінген сутегі мен күкіртті отын ретінде пайдалануға әбден мүмкін. 

ДӘУЛЕТ АЙТЫМБАЕВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Біз бір ағзаның генін өзіміздің цианобактерияға қосуды шештік. Бұл ген сутекті күкірттен газды сутек пен таза күкіртті бөлуге жауапты. Яғни бұл сутекті кейін де өзге мақсаттарға қолдана аламыз. Мысалы, дамыған елдерде автокөліктерге, генераторларға жанар-жағармай ретінде қолданады. Яғни, бұл мұнайдың баламасы ретінде есептеледі.

АЙДАНА ТӨЛЕШОВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Біз бұл бактерияларды модификациялаймыз. Яғни трансформациядан өткіземіз, бұл үшін ген қосамыз, ақырында цианобактериялар аламыз. Олар шикі мұнайды сульфидтерден тазартуға қауқарлы.

Жас ғалымдардың пікірінше, олар ойлап тапқан жаңа тәсіл үнемді әрі экологиялық таза. Биологтар жобамен сәуір айында жұмыс істей бастаған. Енді оны қазанда толықтай аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар студенттер өздерінің ғылыми еңбектерін АҚШ-та өтетін iGEM конкурсына да ұсынбақ. Өткен жылы Назарбаев Университетінің командасы бұл жарыста алтын медальға қол жеткізген еді, биыл да жас биологтар осы жетістікті қайталауды жоспарлап отыр.

ДӘУЛЕТ АЙТЫМБАЕВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Бұл конкурсқа әлемнің әр елінен 300-ден астам команда қатысады. Байқау синтетикалық биология тақырыбына арналады. Синтетикалық биология дегеніміз – бір ағзаның ДНҚ-сын алып, басқа ағзаға отырғызу. Сонымен қатар ДНҚ-ны өзгертуге де болады.

Биологтар өздері әзірлеген жобаларын елде тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізуге ниетті. Бүгінде жас ғалымдар бірнеше мұнай компанияларымен хабарласып, келісімдерін күтуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер