Бурабай саяхатына жаңа қызмет түрі іске қосылды

Қазақстандық Швейцария атанып кеткен Бурабайға саяхатты алдын ала жоспарлау. Жаңа қызмет түрі бірінші тамызда іске қосылды. Турист арнайы электронды сайтқа кіріп, өзіне қажет саяхат түрін таңдап, тапсырыс жасай алады. Бұл, әсіресе, шетелден келген туристерге өте ыңғайлы. Оларға электронды маршруттық парақшадан бөлек, Бурабайдың жергілікті картасы мен қазақстандық байланыс операторының SIM-картасы да беріледі. Қазір Бурабай курортты аймағында туристер тамашалай алатын 29 экскурсиялық бағыт бар.

ДАНИЯР ИДИЯТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Жобаны екі нұсқада қолданысқа енгіздік, электронды нұсқада сіз сайтқа кіріп, керекті саяхат түрін таңдайсыз. Ал жобаның екінші түрін таңдағандарға жол көрсеткіш картасы, турист картасы қолға беріледі. Бұл туристер үшін өте ыңғайлы.

Бурабай курортты аймағының туристік әлеуетін арттыра түсу мақсатында Щучинск қаласының жанындағы тау бөктерінен «BURABAY» деген алып жазу пайда болды. Енді ол өзінің көркем табиғатымен ғана емес, алыстан көз тартатын ақпараттық көрнекіліктерімен де мен мұндалап тұратын болады. Бұл, әсіресе, Бурабайға Астана жақтан бет алған жолаушыларға анық көрінеді. Жаңа арт-нысанның биіктігі – 14, ені – 77 метрді құрайды.

ШЫҢҒЫС ОРАЗАЛИН, «БУРАБАЙ» МҰТП ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Осы жылы «Кенесары үңгірі», «Бөлектау», «Ханның қызыл ағашы» секілді жаңа бағыттарға ақпараттық тақтайшалар мен бағыттамалар ілінді. Одан бөлек, шағын архитектуралық формаларды да жасап жатырмыз.