«Мұқали» халықаралық экспедициясы - Kazakh TV

Жетісу жеріндегі зиялы қауым өкілдерінен құралған халықаралық экспедиция мүшелері көршілес Қытай Халық Республикасынан елге оралды. Олар Бейжің мен Шанси провинциясындағы Сиань және Юлинь қалаларында болып, 1169-1223 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы қолбасшының рухына тағзым етті. Мұқали Жалайыр батыр – заманында Шыңғыс ханның атынан Қытайды билеп, аспан асты елінің 65 провинциясын бағындырған тарихи тұлға. Хандардың ханы атанған Темучинның Мұқали, Желме, Жебе, Сүбедей сияқты төрт батыры болғаны белгілі. Осы төрт әскери қолбасшының біріншісі – Мұқали империядағы тоғыз төренің бірі атанды.

ЛУ ЮНЬ, ЖАЗУШЫ:

 - Шыңғыс ханның аспан асты елін жаулап алуы өз алдына бөлек әңгіме. Ал Мұқали «бөліп ал да, билей бер» саясатымен ғұмыр кешкен бүкіл қытайдың басын біріктіріп, үлкен Юань империясын құрып кетті. Міне сондықтан ел билігіндегілер мен қарапайым халық оны біздің елді біріктіруші және бірлікті сақтап қалушы деп біледі. Біле білген кісіге бұл өте үлкен баға.

Бүгінгі таңда Қытай билігі мен тұрғындарының Шыңғыс ханның оң қолы болған Мұқали Жалайыр батырға деген құрметі ерекше. Өте бай архиві бар ел бабамыздың басына үлкен ескерткіш орнатып, айналасын абаттандырған. Юлиньдегі зират басында шырақшысы да бар.

ЖАУ ЗЫ ЧИНЬ, ШЫРАҚШЫ:

 - Менің алдымдағы 4 атам осында шырақшы болды. Мен бесіншісімін. Тарихи ескерткішке 1985 жылдан бері қарап келе жатырмын. Жасым 73-ке келді. Менен кейін бұл жұмысты ұлым атқарады. Ұлы Гоуанға қызмет ету – біздің парызымыз.

ӘМІРЕ ӘРІН, АҚЫН:

 - Мұқали – ол бүкіл әлемге белгілі тұлға. Француз тарихшысы Оссон оны генерал Исимус деген атаққа ұсынып, сондай түркі әлемінде тұңғыш генерал Исимус атанған ұлы қолбасшы болып табылады. Бұл жолы біз енді қазақстандық делегация Мұқали бабамыздың жатқан жерінде болып, сондай ерекше сезімге бөленіп отырмыз.

Экспедиция барысында жинақталған материалдар деректі және көркем фильмдерге негіз болады, сондай-ақ атақты бабамыз туралы бірнеше кітап басып шығару көзделген. Бұған қоса, Мұқали мемориалды кешенін салдыру жоспарланып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер