Маңғыстау облысында қуаты 42 мегаватт болатын жел станциясының құрылысы басталады

Шетелдік инвесторлар Қазақстандағы «жасыл» жобаларға қаржы құюға ниетті. Сондай жобалардың бірі Маңғыстау облысында жүзеге асырылмақ. Қуаты 42 мегаватт болатын жел станциясының құрылысы тамыз айында Түпқараған ауданында басталады. Жобаға арнап Форт-Шевченко қаласының маңынан 375 гектар жер телімі бөлінді. Бос жатқан алқапқа қуаты 2,5 киловатт болатын 17 жел генераторы орнатылмақ. Инвестиция көлемі 20 миллиард теңгені құрамақ.

СЕРГЕЙ ПАРЦИКЯН, ИНВЕСТОР:

 - Генераторларды құрастыратын инженелерді Қытайдан шақырттық. Олардың осы салада тәжірибесі көп. Ал станция құрылысына тек жергілікті жұмысшыларды ғана жұмылдырамыз. Бұл жобаға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Барлығы инвесторлардың қолдауымен жүзеге асады.   

ХУАН ЧЖЭН, ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

 - Біз жел электр станциясына қажетті қондырғылар әзірлеумен айналысамыз. Ресей мемлекетінен жиі тапсырыс қабылдаймыз. Ал Қазақстанға алғаш рет тың жабдықтарды жөнелткелі отырмыз. Жел электр станциясын салу – бірінші кезекте, экологияны жақсартуға бағытталған жоба. Өйткені, ол қоршаған ортаны ластамайды, есесіне жұрт қауіпсіз қуат көздерін тұтынатын болады.     

Жобаға отандық кәсіпкерлер де инвестиция бағыттап отыр. Жел станциясының құрылысын 2019 жылдың жазында бітіру жоспарланып  отыр.