Қазақстандық оқушылар Ұлыбритания аэроғарыш мектебінде

Қазақстанның түкпір-түкпірінен 40 оқушы Ұлыбританиядағы Крэнфилд университетінің аэроғарыштық мектебінде тағылымдамадан өтуге жолдама алды. Мұндай мүмкіндік жолаушылар тасымалы саласында өткізілген байқау жеңімпаздарына берілді. Айта кетейік, республика бойынша 80-нен астам оқушы Назарбаев орталығында аэроғарыш саласындағы тың жобаларын ұсынды.

НИКИТА БРОДЕЛЬ, СҚО ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Біз төрт адамбыз. Жобамызды Крэнфорд университетінің үй тапсырмасы негізінде дайындадық. Тапсырма өте күрделі болды. Ал оны орындауға бір  апта уақыт берілді. Бірақ біз үлгердік және жеңіске қол жеткізгіміз келеді. Жобаның мәні ұшаққа жаңашылдық енгізу арқылы оның жұмысын тиімдірек ету болатын.

Қатысушылар жобаның қолайлығы, ағылшын тілін меңгеру деңгейі және байқау комиссиясының сұрақтарына дұрыс жауап беру белгілері бойынша бағаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақтық сынға шын мәнінде кіл мықты шыққан. Бұл – әрбір оқушы үшін айтарлықтай жетістік.

СҰЛТАН АЙТЖАНОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ ҚОРЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Байқаудың басты мақсаты – қазақстандық оқушыларды мамандық таңдауға саналы түрде қарау керектігін көрсеті. Бұл жерде біз аэроғарыш саласын ұсындық. Дәл осы саланың мамандары мен қазақстандық компаниялар осындай байқауды өткізуге ниет білдірді.

Мұндай іс-шаралар техникалық кадрлар тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл байқау көлік, логистика және авиация саласында жас мамандарды оқытуға үлкен үлес қосарына сенімді.