Шымкенттегі «Отырар» әмбебап кітапханасында заманауи коворкинг-орталық ашылды - Kazakh TV

Кітапханалар заман талабына сай өзгеріп, жастар үшін аса тартымды ілім-білім орталықтарына айналуға тиіс. Президенттің бес бастамасының бірі осыны көздейді. Шымкентте осы бағыттағы жұмыстар қарқынды атқарылуда. Жақында мұндағы «Отырар» әмбебап кітапханасында заманауи коворкинг-орталық ашылды. Ол жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілер арнайы конференц-залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады.

АЯТТОЛЛА ӘЗІМОВ, КӘСІПКЕР:

 - Жас кәсіпкерлер үшін, әсіресе фриланслерге, жаңа ғана өз істерін бастаушы стартапшыларға коворкинг-орталық таптырмас орын. Бұл жер олардың жеке кеңсесі іспеттес. 

Сонымен қатар қалада кітап қорын электронды нұсқаға көшіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бір ғана «Отырар» кітапханасының өзінде 380 мыңнан астам түрлі оқулық бар. Ал ІТ орталықта информатика пәніне қызығушылық танытушылар бағдарламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздерін үйренеді. Жас өнертапқыштар болса, өздерінің еңбектерін одан әрі жетілдіре алады.

АСҚАР ҚАНАШАЕВ, 6-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

 - Мынау менің алғашқы роботым. Бұл робот-танк деп аталады. Робот-танк ешқандай кедергіге қарамай жүре береді. Екінші құрастырған роботым ол – сынап-робот. Ол алдынан кедергі шықса бұрылып кете береді.

3 жыл ішінде мұнда ІТ саласының 120 маманын оқытып, біліктілігін арттыру жоспарлануда. Жалпы республика бойынша 20 ІТ орталық пен 1000 тегін ІТ сыныптар ашылатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер