Қазақстанның тұмса табиғатын танытатын ауқымды экспедиция - Kazakh TV

Қазақстанның тұмса табиғатын төрткүл дүниеге танытатын ауқымды экспедиция өтуде. Ол 6 бағыт бойынша жүреді. Ішкі туризмді дамытуға бағытталған жоба – Қазақстанның көрікті жерлерін насихаттаумен ғана шектелмейді. Шетелдік саяхатшылар тарихи орындарды аралап, қасиетті мекендермен танысады. Алғашқы бағыт – Тянь-Шань тауы.  

МАКСИМ ЛЕВИТИН, ТАСПАГЕР:

 - Біз Тянь-Шань шатқалының тек солтүстік бөлігін ғана араламаймыз. Орта тұсына дейін баруды да жоспарлап отырмыз. Содан соң  Баянкөлге аттанып, арғы беттен Хан Тәңіріне аялдаймыз. Бұл – әлемдегі ең биік шыңдардың бірі. Тау туризмімен шұғылданып жүрген әрбір адам Хан Тәңірін міндетті түрде көруге тырысады.

Кувейттік Фатима Ахмадидің бұл Қазақстанға алғаш келуі. Туризмді дамыту жөніндегі ұлттық компаниясының келісімімен экпедиция мүшелігіне қабылданыпты. Осыған дейін әлемнің 100 шақты елінде болған блогер Қазақстан жайында көлемді мақала жазбақ. Экспедицияға барлығы 25 адам аттанды.

ФАТИМА АХМАДИ, САЯХАТШЫ:

 - Қазақстанның көрікті жерлерін көруге асықпын. Алған әсеріммен әлбетте бөлісемін. Көлемді мақала жазбақшымын. Мұндай табиғаттың барын әлем жұрты білуі керек.

Тянь-Шань тауларынан кейін экспедиция мүшелері Алтайға аттанады. Бұл сапар қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Айтулы шараға «Хабар» Агенттігі ақпараттық қолдау көрсетеді. Әріптестеріміз осы сапар турасында бірнеше бағдарлама әзірлеп, «Kazakh TV» арнасынан көрсететін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер