Түркістан Орталық Азияның туризм орталығына айналады - Kazakh TV

Түркістан Орталық Азия аймағының туризм орталығына айналады. Шаһар сәулеті ерекше, тарихы бай Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелес болып, Түркі әлемінің руһани астанасы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетеді. Жақында Түркістанға облыс орталығы мәртебесінің берілуі де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, 3 ғасырға жуық қазақ хандығының астанасы болған қаланың тарихи мәртебесінің оралуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

СҰЛТАН КАРТОЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ШЕШЕН-ИНГУШ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

-  Бұл біздің тарихымызға деген құрмет. Өз еліміз ғана емес, өзге мемлекеттерден келетін саяхатшылар саны артып қана қоймайды. Сонымен қатар облыстың Түркістан аталуы да біздің елдің абыройын асқақтата түседі.

Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған. Оның басты бағыттарының бірі – туристік индустрияны дамыту.

ХАНГЕЛДІ ӘБЖАНОВ, ПРОФЕССОР:

-  Әр турист келген 7 адамға жұмыс тауып береді. Оны алып жүретін шопыр, тамақ істейтін аспаз, ол жататын қонақ үй керек. Орта есеппен 7 адамға жұмыс тауып береді. Егер осы Түркістанға жылына 1 млн турист келетін болса, 7 млн адамға жұмыс бар деген сөз. Яғни бұл қала ештеңеге зәру болмайды.

Қаланы туризм орталығы ретінде дамыту тұжырымдамасына сәйкес, мұнда болашақта бой көтеретін ғимараттар шығыстық үлгіде салынады. Бірақ олардың бәрі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Мавзолей мүмкіндігінше барлық жерден көрініп тұруы қажет. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Яссауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлердің көптігіне байланысты арнайы Яссауи музейін ашу да жоспарда бар. Сондай-ақ Түркістанда жаңадан әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және қонақ үйлер, дәмханалар салынатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер